Алматыдағы Орталық саябаққа Батырхан Шүкеновтың мүсіні орнатылады

Алматыдағы Орталық саябаққа Батырхан Шүкеновтың мүсіні орнатылады
Саябаққа қала әкімінің ұсынысымен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Батырхан Шүкеновтың мүсіні қойылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Орталық саябағына Батырхан Шүкеновтың мүсіні қойылады. Жөндеуден өткен саябаққа Шығыс күнтізбесін бейнелейтін тағы бір мүсін орнатылды. Жыл атауына талас туралы қазақтың аңыз-әпсанасында да айтылады әрі жыл он екі айды аң-жануарлар атауымен айтылуы қолданыста бар. Сондықтан идея авторлары халық көп  жүретін жерге «Тенгриан күнтізбесін» бейнелейтін кешен қойыпты. 1,2 миллиард теңгеге жөнделген Орталық саябақтағы жұмыс әлі де жалғасын таппақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының негізі демалыс орындарының бірі саналатын Орталық саябақтың іргетасы 1856 жылы қаланған. Талай жылдан бері тозып тұрған демалыс орны былтырдан бері жөндеуден өтті. Бұрын саябақтың бұл аумағы автотұрақ орны болса, қазір стрит-воркаут, баскетбол және футбол алаңдары, роллердром, заманауи бетонды скейтпарк сынды спорт алаңдарына айналған.

Орталық саябақтың басқарушы компаниясы демалыс орнын жаңартуға 1,6 млрд. теңге инвестиция салған еді. Ол қаржының 1,2 миллиард теңгесі игеріліп, жарық діңгектері, асфальтты төсеніштер, тротуар плиткалаларымен қоса, көз тартатын мүсіндер де орнатылды. Саябақтың жұмысымен танысқан қала әкіміне тұрғындар өз пікірлерін де білдірді.

«Бұрын жекеменшікте болған кезде адамдардың демалуы үшін емес, ақша алу үшін жұмыс істейтіндей әсер қалдыратын. Қазір өте ыңғайлы. Балалармен шыққан кезде жүріп, қыдырғанға жақсы болды», «Бәрі әдемі, керемет! Бұрынғы кезбен салыстырғанда қазір саябақ тап-таза. Балалармен де келіп қыдыруға, итпен де серуендеп тұруға қолайлы. Барлық ойын алаңдары жұмыс істеп тұр», деп жылы лебіздерін білдірген қала тұрғындары Елбасының Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы шешімін құптамайтындарын да ашық білдірді.

Өз кезегінде Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаевтың қашанда халықпен бірге екенін, Елбасының «Nur Otan» партиясының төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы ретінде әлі де атқарар жұмыстарының көп екенін түсіндірді. Тұңғыш Президенттің конфессияаралық келісім, қоғамда бейбітшілікті сақтау сынды құнды модельдері жаңғырып, жалғасын таба бермек.

Көпшіліктің көңілінен шыққан жұмыстың бірі «Тенгриан күнтізбесін» бейнелейтін кешенді мүсін болды. Көшпелі елдердің 12 жылдық «Шығыс күнтізбесін» көрсететін мүсін арқылы қонақтар қазақ елінің аңыз-әпсанасымен танысады. Алдағы уақытта мүсіннің жанына ақпарат тақтасы да орнатылмақ. Жұмыс сапары кезінде Бауыржан Байбек «Visit Almaty» жаңа туристік ақпараттық орталығын, саябаққа апаратын Гоголь көшесін абаттандыру жұмыстарын да тексерді.

«Қала әкімінің бізге «үнемдеп, керек қана заттарды жасаңдар, бюджеттік  ақшаны экономдап, тек халыққа қажетін ғана жүзеге асырыңдар» деген тапсырмасына сәйкес, 560 миллион теңге тұратын жобаны қысқартып, 118 миллион теңгеге жасап шықтық. 5 түрлі ағаш ектік. Жаяу жүргіншілер мен велосипед айдаушыларға да осындай жағдай жасалды», – деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.  

Қалған 400 миллион теңгеге қосымша жаңа балалар қалашығы, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорт алаңы және «Музыка бағы» салынбақ. Саябаққа қала әкімінің ұсынысымен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Батырхан Шүкеновтың мүсіні қойылмақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров