Су тасқыны: Жайықтың деңгейі 2 сантиметрге төмендеді

30.04.2024 00:50

БҚО-да 1400-ге жуық жеке тұрғын үйді, 245 ауланы, 15 мың саяжайды су басқан

Almaty.tv

БҚО-да жағдай тұрақталып келеді. Жайықтың деңгейі соңғы 24 сағат ішінде 2 сантиметрге төмендеген. Сондай-ақ Үлкен және Кіші өзендерінде су тасу қаупі сейілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыс орталығына жақын орналасқан Жайық өзенінде су деңгейі 836 сантиметрге дейін төмендеді. Бұған дейін бұл көрсеткіш қауіпті межеден асып кеткен. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аймақтан 14 мың адам эвакуацияланған, оның 6 мыңға жуығы балалар. Қазір 12 уақытша паналау пунктінде 2500 адам бар. Сондай-ақ шамамен 5 мың бас малды да қауіпсіз жерге айдауға тура келген. Соңғы мәліметтер бойынша, 2400 мал басы қырылған. Аймақтағы төтенше жағдай әлі де күшінде.

– Жағдай бақылауда. Комиссия шешім шығара салысымен, өңірдегі ахуалдың тұрақталғанына көз жеткізіп барып, әрекет етеміз. Ол туралы бірден хабарлаймыз, – деді БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш.

Төтеншеліктердің айтуынша, су тасқыны қаупі басталғалы «Жедел желіге» 750-ден астам қоңырау түскен. Тұрғындар психологиялық көмекке де жүгінген. Ал «Қазсушар» өкілдерінің мәліметінше, Үлкен және Кіші өзендерінің тасу қаупі сейілді. Мамандар сағалар мен табиғи шабындықтардың шығанағына 400 миллион текше метрден астам суды бағыттаған. Ағынның бір бөлігі су қоймалары мен көлдерді толтыруға да жұмсалады.

– Шаған су қоймасында су деңгейі түсуде. Балтық жүйесінде 30,82 метр құрайды. Бүгін филиалдың су шаруашылығы жүйелері бойынша 90 мың гектардан астам көлтабандарға су шығарылды, – деді  «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Құсайынов.

Еске салайық, 1 наурыздан бері БҚО-да 1400-ге жуық жеке тұрғын үйді, 245 ауланы, 15 мың саяжайды су басқан. Тас жол учаскелерінде де су шаю жағдайы тіркелген.

Жансая Олжабек, Дина Әлібекова, Алинұр Уалихан, «Алматы» телеарнасы, БҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Қостанай облысында 2 мыңға жуық адам өтемақы алды