«Шеткі көше еленбей қалды»: Алматы облысының тұрғындары №41 автобус бағытына көңіл толмайды

26.07.2022 23:44

22 шілдеде Алматыдағы №41 автобус бағыты ұзартылған еді

Almaty.tv

3 жыл қоғамдық көліксіз қалған Гүлдала ауылының тұрғындары алдыңғы аптада қалаға қатынайтын автобус пайда болды деп қуанған еді. Бірақ тұрғындардың айтуынша, елді-мекеннің орталығын ғана қамтитын маршруттың бағыты дұрыс емес, деді хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Шеткі көше болғандықтан еленбей қалдық деген көпшілік, орталыққа жету үшін 1 сағат уақыт кететінін айтады.

22 шілдеде Алматыдағы №41 автобус маршрутының бағыты өзгертіліп, Алматы облысындағы Гүлдала ауылына дейін созылған еді. Пандемия басталғаннан бері автобустан ада болған ағайын, ауылға қатынай бастаған қоғамдық көлікке қуанған. Алайда қуанышымыз су сепкендей басылды дейді.

«Біздің наразылығымыз сол, маршрут дұрыс жүрмейді. Сырттан шығады. Бізге ішке маршрут кірсе ыңғайлы болатын еді. Балаларға мектепке бару керек, садик бар, елдер кешкісін жұмыстан қайтады. Сол да қиын. Маршрутты бізге қайтадан қосып жіберсе деп сұраймыз», – деді Гүлдала ауылының тұрғыны Фарида Исмаилова.

«Ауылдың басынан аяғына дейін №41 автобус жүрсе екен деп ауыл адамдарының барлығы тілектес. Біз үлкен кісілер мына больницаға бара алмаймыз. Көше 4 км. Аурухана, мектеп орталықта орналасан», – деді Гүлдала ауылының тұрғыны Динагүл Ниетбаева.

Қоғамдық көлік көшеге бұрылмағандықтан, аялдамадан түскен балалар жаяу жүргіншілер жолымен өтуі тиіс. Ал ата-аналар Құлжа тас жолындағы көлік ағыны үзілмегендіктен балалары үшін уайымдайды.

«Бұл көшемен бұрын №404 автобус жүретін. Ол кезде балаларымыз үшін уайымдамайтынбыз. Мектептің жөндеу жұмыстары әзір бітпейтіндіктен, Нұршашқандағы оқу ордасына барады. Ол мектеп оқушыға алыс», – деді Гүлдала ауылының тұрғыны Сажида Заитова.

Жауаптылардың айтуынша, маршрут қазір тесттік режимде жолаушы тасымалдап жатыр. Бұл уақыт өткеннен кейін, оңтайлы тұстарын ойластырамыз дейді.

«Гүлдала ауылы тұрғындарының өтініші бойынша №41 автобус маршрутын Нұршашқаннан Гүлдалаға дейін создырдық. Бүгін ол жерге қызметкеріміз барып, толықтай танысып қайтты. Ауылды толық қамту мәселесі басшылыққа жеткізілді. Бұл ұсынысты жан-жақты қарастырамыз», – деді «Ваѕ trade» ЖШС автобус паркінің басқарушы директоры Думан Әденов.

Осылайша тасымалдаушы компанияның өкілі қажет болса қосымша автобустар алынуы мүмкін екенін де айтып қалды. Мәселенің нақты шешімі алдағы уақытта белгілі болмақ.

Қайрат Советбекұлы, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы