Түркиядағы апат аймақтарында қалған 380 мыңнан астам адам жатақханаларға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір қиранды астынан азаматтарды іздеу жалғасып жатыр. Ал табиғи жағдай әлі де тұрақтала қойған жоқ. «Құтқарушылардың жұмысына ауа райының қолайсыздығы әсер етіп жатыр» дейді Түркия билігі. Соңғы ақпарға сүйенсек, апаттан 3419 адамның қаза болғаны анықталды. Тағы 20 мың 534 тұрғын түрлі дене жарақатын алыпты.
Түркиядағы қазіргі ахуал – осы. Азаматтар қиранды астында қалған жақындарын іздеп, шарқ ұрады. Министрліктің айтуынша, үйіндіден шыға алмай, есін жиып, құтқару қызметіне өзі хабарласып жатқан тұрғын көп.
Кешегі жойқын жер сілкінісі бүгін Түркияның Кахраманмараш, Газиантеп қалаларында тағы қайталанды. Ресми ақпарға сүйенсек, мұндағы зілзала көрсеткіші 7.6 баллға дейін жеткен. Ел аумағындағы апат ошақтарынан әзірге 8 мыңнан аса азамат құтқарылған. Қазір оқиға орнынан эвакуацияланған азаматтар елдің басқа өңіріне жеткізіліп жатыр.
«Түнде жер сілкінісі қатты сезілді. Отбасымызбен қауіпсіз жерді паналауға тырыстық. Айналаның бәрі айқай-шу, жылаған дауыс, қираған заттар. Өте қорқынышты болды. Далаға шықсақ, жаңбыр құйып тұр. «Еліміз аман болса екен» деген бір ғана тілек бар», – деді Адана қаласының тұрғыны Өзлем Думан.
Қауіпті аймақтан көшірілгендер жақын уақытта үйіне қайта алмайды. Қахраманмараш, Хатай, Адьяман сынды қалаға кіріп-шығу тоқтатылды. Түркияның төтенше жағдайлар министрлігі алдағы 48 сағатта жұмыс күшейіп, азаматтардың қимыл-қозғалысына шектеу қойылатынын мәлімдеп отыр.
«Отанымыздағы апат бәрімізге ауыр тиді. Қазір қауіпті аймақтарда ауа райы қолайсыз. Ештеңеге қарамастан, іздеу-құтқару жасақтары жұмыс істеп жатыр. Мәселен, 10 кеме, 54 әуе техникасы жұмылдырылды. Шынын айтқанда, өте көп маман мен техниканы апат аймағына аттандырдық. Нақты ақпарат әлі де қосымша жарияланады. Біз бұл кезеңнен де өтеміз», – деді Түркия Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Орхан Татар
Зілзаладан қирап қалған Түркияның 10 аймағынан бөлек, Сирияда жапа шеккендердің де саны артып жатыр. Екі елдегі жалпы қаза тапқандар 5 мыңнан асты. Қазір қауіп аймақтарына түрік құтқару қызметінен бөлек, 3 мыңнан аса шетелдік жасақ мамандары аттанған. Ел билігі қиын кезде қол ұшын созуға ресми түрде 70 ел сұраныс білдіргенін айтса, оның 14-і апат аумағына мамандарын аттандырған.
Мадина Оқас, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы