Алматыда дезинфекция күн сайын жасалады. Бүгін залалсыздандыру жұмысының 14-кезеңі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандар алдағы үш күн бойы подьезд, аула мен ойын алаңдарының бәрін қалдырмай тазалап шығады. Сондай-ақ, қала көшелері мен қоғамдық орындар да назардан тыс қалған жоқ.
Әскери институттың 15 сержантынан құралған топ қызу қызметке кірісті. Олар наурыздан бері қала көшелеріне дәрі шашумен айналысып жүр. Бүгін жауынгерлер Медеу ауданына қарасты ұсақ көшелерді дезинфекциялады. Тазалық шараларына бір күнде 6 тонна сұйықтық жұмсалады.
«Тек ғана осы дәрі шашумен айналысып келе жатырмыз. Көптеген аумақты бітірдік. Шипажайлар, ошақтар, карантинге жапқан үйлер болды. Дезинфекцияның адамдарға ешқандай қаупі жоқ. Шөпке де шашырап кетеді. Газонға да, талдарға да шашырайды. Ешқандай қаупі жоқ», – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының қызметкері Руслан АБЖАНОВ.
Қала көшелерімен бірге көпқабатты тұрғын үйлер де назардан тыс қалмады. Бүгін дезинфекция жұмыстары Алмалы ауданында да өтті.
Дезинфекция жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осыған дейін мамандар адамдардың қолы көп тиетін жерлерге көңіл бөлетін еді. Ол ұстағыш, есіктің тұтқасы, баспалдақ болатын. Ал енді карантин кезінде ойын алаңдарына балаларға шығуға рұқсат берілді. Сондықтан енді балалар ойнайтын жерлерді жақсылап тазалау жүргізіліп жатыр.
«Біз бүгін 20 подьезді тазалап шығамыз. Жоспардан ауытқымаймыз. Бастапқыда халық бізге түсінбеушілікпен қарайтын еді. Қазір келсек, қуана қарсы алады. Себебі біздің ойлағанымыз – олардың қауіпсіздігі», – деді Алмалы ауданы бойынша дезинфекция жұмысының бригадир көмекшісі Аида САУЫРОВА.
Графика
Подъезд және аулаларды дезинфекциялаудың 14 кезеңі:
7922 подъезд ( 2837 үй)
1311 аула
65 бригада, 465 маман
Дезинфекцияның негізі 16 кезеңін өткізу жоспарда бар. Әр кезең 3 күннен тұрады. Бүгін 14-кезеңнің 1-күнінде 7922 подьезд бен 1311 аула тазаланады. Айта кетейік, Алматыда қазіргі таңда ауру ошақтары деп саналатын 50 подьезд бар. Оны залалсыздандыруға 7 бригададан тұратын 20 жұмысшы жұмылдырылды. Жалпы 14-кезеңде қала бойынша дезинфекция жұмыстарына 160-қа жуық техника, 900-ден аса жұмысшы атсалысып жүр.
Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы