Жамбыл облысының тұрғындары коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер мен науқастарға ас дайындап апаруда

14.07.2020 23:45

Жамбыл облысының кәсіпкерлері ерекше акцияны қолға алды

almaty.tv

Жамбыл облысының кәсіпкерлері ерекше акцияны қолға алды. Олар коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер мен науқастарға ас апарып жатыр. Жай ас емес, қой сойып, соның етінен жасалған сорпа мен қуырдақты күнделікті жедел жеткізіп береді екен. Әрине, ақ халаттылардың айтар алғысы көп. Игілікті істің басы-қасында жүрген өңірдегі әріптесіміз, Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жалғастырады.

Оқиға болған жерден:

– Қаламызда қаншама ауырып жатқан жандар бар, сол ауырып жатқан жандардың жанына шипа болсын деп жүгіріп жүрген, үй бетін көрмеген дәрігерлер бар. Соларға арнап ас-ауқат дайындауды жөн көрдік.

Осылайша 2 күн бұрын Тараздағы мейрамхана иесі бастаған игілікті істі қоғам жылы қабылдады. Бастапқыда 2 қой сойып, сорпасы ем болсын деген ниетпен, ауруханада аурумен арпалысқан жандарға жеткізген. Меруерт Лештаева қиын кезеңде бір-бірімізге көмек беру адамдық парызым дейді. Жұртты да жұдырықтай жұмылып жақсылық жасауға шақырады.

«Хабарласып жатқан кәсіпкерлер бар, жай халық бар. «Қалай көмектесеміз, қалай жібереміз ақшаны, болмаса қойды апарып берсек болама деп», халықтың сондай жақсы ілтипатын, қолдауын көріп отырмын. Көп-көп рақмет! Халқымның әлі де жүрегі бар екен, иманы бар екен, әлі де осындай мейірімділігі бар екеніне мен ризамын!» – деді кәсіпкер Меруерт Лештаева.

Жеке кәсіпкердің жақсылық ісінен кейін, басқа да азаматтар ат салыса бастаған. Солардың бірі әнші – Ғани Мәтебаев. Ол өз атынан ұсақ малдың біреуін ала келіпті. Әлемді шарпыған індет кезінде дәрігерлердің міндеті мен қызметі мың алғысқа тұрарлық дейді. Сондықтан ол өз разылығын осылай білдіргісі келген.

«Халыққа бұл теңіз суының тамшысындай болса да көмек деп ойлаймын. Және де осы істі Жамбыл облысының іскер азаматтары жалғастыруға қол ұшын береді деп сенемін. Халық осы қиын кезеңнен оңай өтеді деген ойдамын», – деді әнші Ғани Мәтебаев.

Жексенбіде басталған жақсылық жобасы, алдағы уақытта міндетті түрде жалғасады. Себебі қой етін жеткізіп беріп жатқандар көбейген. Сонымен қатар, қарапайым халық та ақша жиып барынша үлесін қосуда. Айта кетерлігі, мал сою мен ас әзірлеуге мейрамхана иесі ешқандай ақы алмайды. Ал, жәрдемін аямаған жұртқа ақ халаттылардың айтар алғысы көп.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан