Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, су өтетін алқап – кәсіпкердің жекеменшік жері
Жамбыл облысында бір ауыл 30 жылдан бері ауыз суға да, ағын суға да жарымай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қызыл партизан» ауылының аудан орталығы саналатын Қордайға қосылғанына біраз уақыт болған. Елдімекен тұрғындары 30 жыл бойы суды жер астынан тартып ішеді не сатып алады. Көпшілікке мал суару да мұңға айналған. Сөздеріне сенсек, су келіп тұрған арнаны бір кәсіпкер бітеп тастаған.
«Су келеді» деп қуанынып жүрсек, осы жерге келгенде тоқтап қалды. Мына кәсіпкер жауып тастаған», – деді Қордай ауылының тұрғыны Ақылбай Мүңкібаев.
«Кәсіпкер әкімді тыңдамайтын боп тұр ғой. Мал суаратын суды жердің астынан тартып аламыз. Оны өзіміз де ішеміз, малды суғарамыз», – деді Қордай ауылының тұрғыны Майдан Әмірқұлов.
Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, су өтетін алқап – кәсіпкердің жекеменшік жері. Бірақ арнаны тегістеуге оның құқы жоқ, бітеген кезін білмей қалдық деп ақталды.
«Картада бар, бірақ мемлекеттік актіде жоқ. Біз соны анықтадық. Бітеген кезде хабарсыз болдық. Арықты қайтадан қалпына келтіру үшін сөйлесіп жатырмыз», – деді Қордай ауылы әкімінің орынбасары Әнуар Әпсейітов.
Ал кәсіпкердің айтуынша, әу баста әкімдік құжат рәсімдегенде қателік жіберген. 15 жыл бұрын жерді алғанында атқамінерлер тарапынан арық жайлы сөз қозғалмапты. Құжатта сызбасы да болмаған екен. Сол себепті құрылыс жұмыстарын жүргізбек болған.
«Халық арық керегін айтты. Әкімдік тұр, әкімнің орынбасары да тұр, мен оларға «егер халыққа арық керек болса, қарсы емеспін. Өз ақшама қазып берейін» деп айтқанмын», – деді кәсіпкер Саят Жетібаев.
Кәсіпкердің сөзіне сенсек, ағын су арнасы жақын арада қайта қалпына келтіріледі. Ал әкімдік өкілдері ауылды орталық жүйе арқылы ауыз сумен келер жылы қамтамасыз етпек.
Жомарт Есқара, Асылжан Шымкент, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан