Шығынды кім өтейді: баспанасы бүлінген астаналықтар не істерін білмей дал

Almaty.tv
Almaty.tv
Үркерде 100-ге жуық тұрғын үйдің шатыры тесіліп, қабырғасы сыз тартқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Толассыз жауған жауын үркерліктердің үрейін ұшырды. 100-ге жуық тұрғыны бар елордаға қарасты қалашықта тұрғын үйдің шатыры тесіліп, қабырғасы сыз тартқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шырылдап шағымын айтқан ағайыннан тыныштық кеткелі аптаға жуықтады. Өткен жұма жауған қатты нөсерден үйін су басып қалған. Бармақтай бұршақ шатырын тесіп өтіпті. Табиғаттың тосын мінезіне дайын болмаған тұрғындар тосылып қалған. Артынша амалдап, үйін сақтап қалуға әрекет етіпті.

– Шатырды қайта жөндеу үшін кемінде 2 млн теңге кетеді. Ондай қаражат жоқ, – деді Үркер шағынауданының тұрғыны Жәмилә Башарова.

– Үйдің төбесінен су өтіп кетті. Ертең қайта жаңбыр жауады. Әзірге жамап қойдық, – деді Үркер шағынауданының тұрғыны Ерік Кәрімов.

Баспанасы бүлінген халық бірнеше күннен бері не істерін білмей дал. Олар ауылдағы әкімдік табалдырығын тоздырған. Бірақ әкімдіктегілер «Астанаға барыңыздар, бұл аумақ Нұра ауданына қарайды» деп жөн сілтеген.

– Нұра ауданы әкімінің аппараты қалыптасқан жағдайдың жіктелуін және оны төтенше жағдайға жатқызу мүмкіндігін анықтау мақсатында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне хат жолдады. Жауын-шашын фактісі қауіпті метеорологиялық және агрометеорологиялық жағдай ретінде жіктелмеді, – деді Астана қаласы Нұра ауданы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы Әйгерім Ақшолақова.

Қарашаның бұл әлегіне әкімдік көмек көрсетпейді. Шатыры шұрқ тесілген баспанананы әркім өзі жөндеуі керек. Үркерде 100-ге жуық тұрғын үйдің шатыры тесіліп, берекесі қашқан.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Кім кінәлі: Қарағандыда құбыр жарылып, цехты су басып қалды

Новости партнеров