Қазір мұнда 70-ке жуық науқас бар
Мұқым елдің мазасын алған Талдықорғанның қақ ортасындағы медициналық мекеме жұрттың наразылығына қарамастан жұмысын жалғастырып жатыр. Осылай деп уәжін айтқан халық ондай орынның тұрғын үйлерден алшақ жерге көшірілуін бұған дейін де талап еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біз ойлаған жоқпыз. Мына көршілердің реакциясы жаман болады деген ой болмады», – деді «Мейір-Талдықорған» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлнәз Тілеуберлинова.
Ащы айқай естілген сайын жүрегі аузына тығылған маңдағы жұрттың айтуынша, көктемнен бері тыныштық жоқ. Себебі тұрғын үйлердің қақ ортасындағы осы бір ғимаратта психикалық ауытқуы бар адамдарды қарайды. Шошынған халық әкімдікке жүгінген, содан мекеме қыркүйекте басқа жерге көшуі керек болған. Алайда іс жүзінде бәрі бәз қалпында.
«Көктемнен бері еститініміз тек айқай мен шыңғырған дауыс. Қорқынышты. Олар күн жылы болғандықтан қазір далаға серуен құрады. Ал менің үйім мекемеге көршілес жатыр. Бармаған жеріміз қалмады», – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Надежда Россохач.
«Айқай күнде естіледі. Үйреніп те кеттік. Кейде қорқынышты», – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Надежда Белашова.
Даурыққан жұрт психикалық ауытқуы бар науқастарға арналған мекеме қаланың қақ ортасында орналасуын құптамайды. Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің дерегінше, ережеге сәйкес диспансер тұрғындардан алыс орналасуы тиіс.
«1000 адамға арналған немесе одан көп адамға арналған ғимараттар селитепті аймақтардан 500 метрден кейін орналасу керек. 1000 адамға жетпейтін ғимараттарда арнайы бір талаптар қойылмаған. Сондықтан бұл шектеу немесе заңбұзушылық деп айта алмаймыз», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шагиахмет.
Шағынауданға шатыр құрған мекеме психикалық диспансер немесе аурухана түрінде емес, мүгедектер қоғамдық бірлестігі ретінде былтырдан бері жұмыс істейді. Қазір мұнда 70-ке жуық науқас бар. Мекеме басшысы «басқа орын таппағандықтан осы ғимаратты алдық, амалымыз болмады» деп ақталды. Алайда, елдің есін алған аурухана бірер күнде бұл жерден іргесін аулақ салмақ екен.
«4-5 күнде көшеміз. Жарты дүниеміз кетті. Жартысы осы жерде тұр. Қазір анау ғимаратта канализациясымен проблема болып жатыр. Соны жөндегеннен кейін 4-5 күнде көшіп кетеміз», – деді «Мейір-Талдықорған» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлнәз Тілеуберлинова.
Маңдағы жұрттың мазасын алып, елді даурықтырған психикалық ауытқуы бар науқастарды ұстайтын орталық қаланың кіреберісіндегі осы бір ғимаратқа көшуі тиіс. Мүгедектер қоғамдық бірлестігі басшысының айтуынша, қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр және ол алдағы 4-5 күнде аяқталмақ. Ал әзірге біз қоршаусыз, айналасы қараусыз жатқан 2 қабатты нысанды ғана көріп тұрмыз.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы