Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде елімізде 2 мың 716 мешіт ашылған. Ал, егемендікке қол жеткізген тұста елде бар-жоғы 68 Алла үйі болған. Бүгінде 9 медресе мен қарилар дайындайтын 6 орталық бар. Мұндай мәліметпен «Тәуелсіздік және Ислам» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында еліміздің бас мүфтиі бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы конференция мен семинарларды ұйымдастырумен қатар, биыл 14 кітап басып шығаруды көздеп отыр. Одан бөлек, мұқтаж жандарға пәтерлер беру қайырымдылық жобасы да жалғасын таппақ.
«Былтыр біз 142 пәтерді Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының 30 жылдығы аясында берген болатынбыз. Алла қаласа сол игі шараларымызды биыл да жалғастыратын боламыз. Онымен қоса, көпбалалы отбасыларынан шыққан үздік студенттерге оқу ақысын төлеп беру қолға алынған. Осы сияқты көптеген қайырымдылық шараларын біз атқаратын боламыз», – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен онлайн форматтағы игі шара халқымыздың өткен тарихы мен руханиятынан сыр шертетін көне кітаптар көрмесінен басталды. Онда тарихи қолжазбалар, діни-тарихи еңбектер қойылды. Конферецияға қатысушылар діни құндылықтар, рухани жаңғыру мен жастар тәрбиесі, Қазақстандағы ислами білім жүйесінің қалыптасуы сынды өзекті мәселелерді талқылады. Жиында бірқатар ұсыныстар да айтылды.
«Мектептерде 1 сағаттық дін сабағы бар. Оған біраз жыл болды. Бірақ балаларға дінді тарихшылар беруге тиісті болып қалды. Осы мәселені ұсыныс ретінде қоямын. Сол 1 сағаттық дін сабағын тарихшылар емес, имамдар беру керек. Неге? Өйткені, имамдар дінді толық білетін адамдар», – деді ақын Құл-керім Елемес.