Алматыда сейсмоаудит жұмыстары жалғасып жатыр
Алматыда сейсмоаудит жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде басты міндет – тиісті нормаға сай келмейтін медициналық мекемелер мен мектептердің сейсмикалық төзімділігін арттыру. Түркиядағы құтқару операциясына қатысып келген мамандарды Алматыда марапаттаған төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осылай деді. Ведомство басшысы апат кезінде қолданылатын құрал-жабдықтарды да арнайы көріп бағасын берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түркиядағы жойқын зілзала салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсету үшін Қазақстаннан 2 эшелон жіберілді. Апат болған аймақтарға 100-ге тарта құтқарушы, оның 40-қа жуығы Алматыдан аттанды. Қазақстандықтар 7-19 ақпан аралығында Газиантеп пен Хатай қалаларындағы және Нурдагы ауданындағы құтқару операциясына қатысып келді.
«Расында, олар өз ісінің нағыз мамандары екенін дәлелдеді. Мұны біз ғана емес, Түркияның өкілдері де айтты. Қазақстандықтар зардап шеккен тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып қана қоймай, медициналық көмек те көрсетті. 7 тұрғынды құтқарды. Қиранды астынан 80-нен астам адамның мәйітін тапты», – деді ҚР ТЖМ Юрий Ильин
Мегаполиске жұмыс сапарымен келген Юрий Ильин бүгін Түркияға Алматыдан барған мамандарды, одан бөлек, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерін марапаттады. Ерлігі үшін алғыс айтты. Жалпы 60-қа жуық адамға төсбелгі мен «Құрмет» грамотасы табысталды.
«Басты мақсат марапат алу емес, басты міндет - құтқару. Біз бірінші топпен Газиантеп қаласына аттандық. Зілзала болған аймақта қиранды арасынан адам іздеу және құтқару операциясын жүргіздік», – деді ҚР ТЖМ Республикалық жедел құтқару жасағы кинология бөлімінің бас құтқарушысы Ерік Берлібеков.
Құтқарушылардың айтуынша, Түркиядағы зілзала салдарымен күресу жұмыстары кезінде көптеген қиындық болған. Олар қиранды арасында жүргенде де жер сілкініп, алдыңғы дүмпулерге шыдаған ғимараттар да құлапты. Сондай сәтте кәсібилігі сыналған құтқарушылардың айтуынша, адамдарды шығару кезінде оқу-жаттығу барысында үйренген тәсілді. Алайда қолданыстағы жабдықтарды көріп, жағдаймен танысқан министр арқаны кеңге салмау керегін ескертті.
«Бізде бәрі жақсы деп қам-қаперсіз жүруге болмайды. Құтқарушыларымыздың дайындығын арттыру керек. Қызметкерлердің тиісті жабдықпен қамтамасыз етілуін назарға алған жөн. Алматы мен кейбір өңірлерде зілзала қаупі сақталады. Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жақында ғана комиссиямен және әкімдік өкілдерімен жиналыс өткіздік. Басты міндет – сейсмикалық нормаға сай келмейтін медициналық мекемелер мен мектеп ғимараттарының жер сілкінісіне төзімділігін арттыру», – деді ҚР ТЖМ Юрий Ильин.
Юрий Ильин ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның кезектен тыс отырысында елдегі 9 өңір сейсмикалық аймақта екенін айтқан еді. Оның мәліметінше, Алматы мен Шымкент қаласының, Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысының аумағында қауіп басым.
Оразай Нұртайұлы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы