Елімізде жер телімін заңсыз сатып, оны иеленгендерге жаза қатаңдатылады. Бүгін жоғары палатада жер заңнамасының ережелерін бұзғандарға жауапкершілікті күшейту тәртібі бекітілді. Оны елемегендер енді айыппұл арқалайды. Мұнымен қоса, елдімекендерде бүгінге дейін оңды-солды берілген учаскелерге мониторинг жасалды. Осы және бірқатар заң жобалары Сенат қабырғасында қолдау тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың енді құзіреті кеңейеді. Заң жобасында оларға әкімшілік істерді қарау мен тиісті жазалар қолдану өкілеттіктерін беру көзделген. Яғни, бүгінге дейін елдімекендердегі жерге әкімдер қожалық етіп келсе, енді олар тікелей ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына қайтарылды.
«Бұл заң жер заңнамасын бұзғаны үшін жекелеген баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікті нақтылауға арналып отыр. Сонымен қатар заң шеңберінде жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізетін органдардың өкілеттігін қайта қарау көзделген. Жаңа нормалар жер учаскесіне құқық беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жерді пайдалану мен қорғауға қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сенатта қолдау тапқан тағы бір заң жобасы елімізге келетін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жүк көліктеріне қатысты. Енді оларға қатысты тәртіп қатаңдатылады. Жүк көліктеріне навигациялық пломбалар қою мәселесі ұсынылып отыр. Бастама жалған транзит пен «көлеңкелі импортты» жоюға бағытталған. Сенаторлардың айтуынша, Жобаның тиімділігі – саладағы заңсыздықтың жолын кесіп, салықты арттыру. Соңғы жылдары елде 20 мың 900 жалған транзит дерегі анықталыпты. Демек, шеттен келетін әрбір алтыншы автокөлік импортқа қатысы жоқ тұлғалардың мекен-жайына жіберіліп отырған.
«Біз сол фактілерді анықтағаннан кейін тәуекелді басқару жүйесі және де басқа да өзіміздің салықтық мониторинг арқылы анықтаған кезде біз осы жобаны істеп бастадық. Қырғызстаннан келіп жатқан тауарларды бақылау үшін. Соның арқасында біз бірнеше фактілерді қысқарттық. 19-20 жылдары жалған импортқа қатысты 8000 дейін төмендеттік», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен жымқырылған 120 млрд теңге мектеп құрылысына жұмсалады. Бармақ басты, көз қысты әрекеттен қайтарылған қаражат республикадағы білім ошақтарының күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға беріледі. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары - Қаржы министрі айтты. Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қазір арнайы шотта 120 млрд теңге жинақталған. Енді оқу-ағарту министрлігінің өтінімдері дайын болса, қаржыны бөліп үлестіреміз, - деді ол.
«Бірінші кезекте мектептерге жөндеу жұмысы жүргіземіз. Жоба жөндеуді, кеңейту үшін белгілі бір жапсарлас жайлардың құрылысын қажет етіп отырған 3 ауысымды мектептерге қатысты. Қазір өтініш қабылдау процесі жүріп жатыр. Біз оларды қарастырып болған соң республикалық бюджет комиссиясының қарауына жібереміз. Сосын қаражатты аймақтарға бөлеміз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Сөз соңында Ерұлан Жамаубаев 2 ай ішінде сырттан келетін тауарлардың құны түсе бастайды деді. Оның пікірінше, жалпы экономикадағы инфляция біртіндеп төмендеп келеді. Болжам бойынша, 1-2 айда импорт тауарлардың бағасы біртіндеп түсуі керек.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы