«Біз бұл кездесуді ұзақ күттік»: Алатау ауданы тұрғындары әкімге бар мәселені жайып салды

09.08.2019 23:46

Ауызша сұрақтан бөлек, жазбаша сауалдарды қосқанда әкімге 400-ге жуық шағым келіп түскен

Фото Almaty.tv

Ауыз су, тозығы жеткен жол, тіркеу мен қоғамдық көліктің жетіспеушілігі. Алматы әкімімен кездескен алатаулықтар аудандағы өзекті мәселенің бірін де қалдырмай жайып салды. Ал, жарықтандыру тіпті өзекті. Себебі, қараңғы көшелерде тонау мен қылмыс көп орын алады. Тұрғындармен ашық диалог өткізген Сағынтаев бірден тиісті басқарма басшыларына сол жерде тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһар басшысымен кездесуге келген «Алатау» тұрғындарда есеп жоқ. Барлығы өздерінің талайдан бері қордаланып, шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерін жеткізуге асықты. Әкім әуелі тұрғындарға алдағы уақытта Алматыны қалай дамытатыны туралы тәптіштеп түсіндіріп берді. Бұл ретте «Шетсіз қала» бағдарламасын қолға алғанын айтып, шалғайдағы елдімекендердің еңсесін тіктеуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Әлеуметтік және денсаулық сақтау саласында атқарылатын жұмыстарды да алға тартты. Сондай-ақ қауіпсіздік мәселесіне ден қойды.

«Әр ауданда қылмыстың қайнаған ошағы бар. Сол жерлердің тура ортасына жылжымалы тірек пунктін қоямыз. Учаскелік полиция өз алдына, бұл тура сіздердің үйлеріңіздің жанына барып тұрады. Пункттің жарығы, камерасы болады, сол жерде үш кезекпен ауысып қызметкерлер тәулік бойы отырады. Телефоны болады. Егерде күдікті біреуді көрсе, дереу патрульді шақырады да тап сол жерден тырп еткізбейді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Әрмен қарай әкім ашық диалог құрып, тұрғындардың мәселесін біртіндеп тыңдауға көшті. Алатаулықтарды алаңдатқан проблема өте көп. Бірақ ең көп жолданған сауал  үйлерді заңдастыруға қатысты болды. Ауданда баспанасына тілдей құжат ала алмағандардың саны басым. Әсіресе көпбалалы аналар бұл проблеманың кесірінен, атаулы әлеуметтік көмектен қағылып келе жатыр екен. Одан кейін тозығы жеткен жол жайы жиі қозғалды. Мұқым ел қала тұрғыны қатарына қосылғанымызға 13 жыл толса да, лай-батпаққа батып, жол азабын тартып отырмыз деп ашынды.

«13 жылдан бері жолымыз жасалған жоқ. Батпаққа батып жүрміз. «Шаңырақ-2» шағынауданында Қаракемер көшесін жасадық деп жазып қойған мына жерде. Ал шын мәнінде бізге ешқандай жол жөндейтіндер келген жоқ. Жолымыз ойылып-ойылып жатыр», – деді бір тұрғын.

«Бұл кісінің және көп адамның айтып отырған мәселесі мердігерлерге келіп тіреледі. Бізде мердігерлер қалай жұмыс жасайды? Бір нысанды жеңіп алады, сосын жаңағы жерге барады, бір тракторын, 5 адамын қояды да, бітті сонымен. Айлап-жылдап бітірмейді шаруаны. Себебі оны тексеріп жатқан ешкім жоқ.  Бұл мәселені тоқтату керек. Ұтты ма, жасасын жұмысын. Ұтқан кезде не деді? «Бәлен техника, пәлен адам қоям» дейді. Ендеше, оны артынан барып қадағалап, бақылау керек. Оны кім құнттап жатыр? Ешкім. Ал, шын мәнінде ол аудан әкімінің жұмысы», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев жұмысына салғырт қарайтын салақ мердігерлердің мәселесін майшаммен қарауды тапсырды. Бұдан былай сапасыз төселген тас жол қабылданбайды. Бұдан бөлек халық ауданда қоғамдық көліктің жетіспеушілігін, медициналық қызметтердің сапасыздығын, әрі ауыз судан тарығып отырғанын жеткізді. Ал білім ошақтарының аздығы, оқу жылының қарсаңында ең өзекті мәселе болып отыр. Ауданда 4760 оқушыға орын жетіспейді екен.

«Дархан» ықшамауданында 9 жылдан бері мектеп салдыра алмай жүрміз. Ауылдағы 980 бала көрші ауылға қатынайды. Шимашева ханым білім басқармасын басқарып тұрғанда осы кісіге де кіргенмін. Қырықбаев мырза өзі уәде беріп, 2017 жылы мектеп саламыз деген. Бірақ неше әкім ауысса да, әлі күнге дейін мектеп жоқ», – деді аудан тұрғыны.

«Мектеп мәселесі белгілі. Мектептерде орын аз. Біріншіден, халықтың саны жылдан жылға көбейіп жатыр. Екіншіден, мектеп соғатын жер жоқ. Қазір сол жерлерді мектеп соғуға сатып алу мәселесі жүріп жатыр. Үшіншіден, мектеп соғуға көп қаражат керек. Соны шешу үшін қазір бізде жан басына қарай қаржыландыру деген мәселе бар. Ал ондайда мектепті жекеменшік компания өзінің қаржысына соғады. Бірақ біз сол 5-7 жылдың ішінде жан басына қарай ақша аударамыз оларға. Бұл да – бір жеңілдік. Қазір сол мәселемен жұмыс жасап жатырмыз», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Есесіне балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалады. Әкім ауданда ашық және жабық спорт алаңдарын тұрғызуды тапсырды. Демек, жеткіншектер демалыс кезінде қол қусырып жүрмей, қысы-жазы спортпен шұғылдануға мүмкіндік алады. Ал мектеп, балабақша, кәріз желісі мен жол жөндеуге қатысты шешуі қиын мәселелер кейін кезекпен қаралмақ. Тұрғындардың жауыр болған проблемасы сол жерде реттелді.

«Бізге Жансүгіров көшесіне шығатын жерге бағдаршам керек. Сол жолда өте көп машина тұрады, үнемі кептеліс болып кетеді. Бізге сәуір айында қоюға уәде берген, ал қазір тамыз. Жыл сайын уәде береді, бірақ сол күйі жасалмайды», – деді тұрғын ашына.  

«Сіз айтып отырған жердегі бағдаршамды біз жылдың аяғына дейін қойып береміз. Ол мердігердің өз қаржаты есебінен қойылады», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сағындық ТЕЛІБАЕВ.

Әкім оған бұл мәселені шешуге бір апта берді.

Әкімнің Алатау ауданының тұрғындармен кездесуі үш сағатқа созылды. Бұл аралықта шаһар басшысына сауал жолдағысы келетіндер микрофон алдында ұзын-сонар кезекке тұрды. Жиынға келген жұрттың барлығына әкімге жүгіну мүмкіндігі берілді. Ауызша сұрақтан бөлек, жазбаша сауалдарды қосқанда 400-ге жуық шағым қабылданды. Барлық мәселелер бойынша аналитикалық жұмыстар жүргізіліп, нақты шешімдер қабылданады.


Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы