«59 жылдан бері кезекке тұрып келемін»: Петропавлда көмір тапшылығы қашан жойылады

16.10.2021 в 01:22

Петропавлға жеткізілген Шұбаркөл көмірін алу үшін 40-қа жуық КамАЗ кезекте тұр

Петропавлда көмір тапшы. Өңірге тапсырыс берген 100 вагонның тек 28-і жеткізіліпті. Бұл өз кезегінде ұзын-сонар кезек тудырған. Арасында таңғы сағат алтыдан бері көмір ала алмай кеткендер бар екен. Олар қатты отынның жетпей жатқанына шағымданады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавлға жеткізілген Шұбаркөл көмірін алу үшін 40-қа жуық КамАЗ кезекте тұр. Қала тұрғыны Ербол Сердалин таңғы сағат сегізден бері осында жүргенін айтып, қатты отынның тапшылығына шағымданады.

«Көмір жоқ. Міне, қазір жұмысты тастап, келіп отырмыз. Жалғыз біз емес, әлі қанша көмір алмаған кісілер бар. Міне, 59 жылдан бері осылай кезекте тұрып келемін. Енді не істеймін?», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Ербол Сердалин.

Көмір алу үшін тұрғындар аудандардан да келіп жатыр. Бірақ көбі қатты отынсыз кетіп жатыр. Өйткені таң атқалы бері тұрған жүк көліктері көмірді үш сағаттың ішінде талап әкеткен.

«Ала алмай тұрмын. Жетпейтін де шығар. Ауылдан келген едім. Таңертен ерте шығып, 140 шақырым жүріп келдім. Қыста не болатыны білмейміз», – дейді Есіл ауданының тұрғыны Қанат Төлеген.

Петропавлға осы айда тапсырыс берген 100 вагонның тек 28-і ғана келген. Ал көмір сататын орынның басшысы мәселе көмір таситын вагонның тапшылығынан деп түсіндіреді. Ол «қыстың қамын жазда ойлау керек» дегенді де айтып қалды.

Оқи отырыңыз: Петропавлда көмір таппаған тұрғындар қоймаларды жағалап жүр

«Міне, вагондарға қатысты қиындық туындағанына бір ай болды. Алдыңғы айда территорияда 7 мың тонна көмір жатты, ешкім алмай, біртіндеп сатылып кетті. Жаздыңгүні алып алса, мұндай ажиотаж болмайды. Бізде маусым, шілде, тамыз айларында аз сатылады. Егер сол кезде алатын болса, еш проблема болмас еді. Қазір вагон жоқ. Міне, бір жетіде немесе он күнде бір-ақ рет келеді. Біз тапсырыс бердік, бірақ өткен айда 15 вагон келмей қалды. Енді осы айда қанша вагон келетінін де білмейміз», – деді көмір сататын орынның басшысы Мұратхан Тұрмұхамбетов.

Ал жергілікті билік облыс тұрғындарының 93 пайызға көмірмен қамтылғанын мәлімдеп отыр.