Тоқаев: СҚО-да мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар

29.05.2023 23:47

Сапар барысында Президент ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

Ақорда

Мемлекет басшысы бүгін Солтүстік Қазақстан өңіріне барып, шаруа иелерімен жолықты. Сапар барысында Президент ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ресейдің әрбір шешімін қолдап, бауырласпын деп бауырына жақын басатын Беларусь басшысы Қазақстанды да сол елдің ядролық қаруы үшін одақтық мемлекетке қосылуға шақырған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың бұл сөзін қалжыңға балап,  ешқандай одақтық елдердің қатарына кірмейтінін тағы бір түсіндірді.

– Мұндай қажеттілік жоқ деп ойлаймын, себебі басқа да интеграциялық бірлестіктер бар, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ. Ядролық қаруға келер болсақ, бізге ол керек емес, себебі біз ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа және ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі шартқа қол қойғанбыз. Халықаралық құжаттар шеңберінде біз осы міндеттемелерге адал болып қаламыз, – деді ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі сүт өндіру фермасына ат басын бұрды. 2020 жылы іске қосылған кәсіпорынға былтыр 366 миллион теңге инвестициялық субсидия бөлінген. Ферма 60 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Президент Солтүстік Қазақстан өңірінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік барын айтты.

– Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе туындамауы тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өзімізді қамтамасыз ете алатындай деңгейге жетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Ізін ала Мемлекет басшысына СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өңірдегі агроөнеркәсіп жобаларының жүзеге асырылуы барысы жөнінде баяндады. Айтуынша, Үкіметтен бөлінген қаржы тиісті мақсатқа жұмсалып жатыр.  

– Өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы құны 35 миллиард теңгеге 35 жоба қаржыландырылған. Ет өнімдерін шығаруға маманданған мекемедегі мал саны 200 мың басқа дейін көбейіп, қосымша 180 жұмыс орны ашылмақ. Май сығатын зауыт, жылыжай, суармалы егістік, асыл тұқымды қой шаруашылығы секілді бірнеше бағытта түрлі жоба жүзеге асырыла бастаған, – деді облыс әкімінің орынбасары  Марат Тасмағанбетов.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қағаз өнімдерін шығаратын фабрикаға барды. Өндіріс орнында шамамен 1 мың 700 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта картон өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр екен. Инвестиция көлемі – 7 миллиард теңге. 100 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, өндіріс қуаты жылына 10 мың тонна болады деп жоспарланып отыр.

Өмір Серікбекұлы, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана