Егер айтылған ескертулер 17 маусымға дейін орындалмаса, іс сотта қаралмақ
Алматыдағы Бостандық ауданында заңсыз құрылыс нысаны анықталды. Мамандардың айтуынша, меншік иесі қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының келісімінсіз тау етегіне тұрғын үй кешенін салған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала құрылысын бақылау бөлімінің мамандары тұрғындардың шағымы бойынша тексеру жұмысын жүргізіп, салынып жатқан тұрғын үй кешенін аралады. Нәтижесінде тіреуіш қабырғаларының жоқтығына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Қиядағы баспаналардың қауіпсіздігін елемеген тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Егер айтылған ескертулер 17 маусымға дейін орындалмаса, іс сотта қаралмақ.
«Жеке тұлға Ақашов Жәнібектің тұрғын үй кешенін салғаны анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық анықталғандықтан 316, 321, 463-бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деді қала құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы Әлібек Төлбасиев.
Ал меншік иесі айтылған сөгістерден қорытынды шығарып, қауіпсіздік бойынша барлық олқылықты жоятынын жеткізді. Бәрі сәтті өтсе, 45 күн ішінде 2 қабатты тұрғын үй кешенін толығымен бітіреміз деп отыр.
«Бізге нұсқау түскеннен кейін бұл жобаларды тездетуге тырысып отырмыз. Күтіп жатқан жоба экспертизадан 10-15 күнде өтетін болса, тіреуіш қабырғасын жасауға дайынбыз», – деді меншік иесі Жәнібек Ақашов.
Қиядағы үйлердің тексерілуі де заңды. Қауіпсіздік бірінші орында болу керек дейді мамандар.
Мерей Қанапиянов, Жақсылық Тілепберген, Санжар Ерік, «Алматы» телеарнасы