Инженерлік әскерде көшпелі казарма ашылды

16.01.2024 23:48

Инженерлік әскер ұрыс жағдайында ғана емес, табиғи және техногенді апаттарда да қызмет етеді

Almaty.tv

Биыл Қазақстанның инженерлік әскеріне 31 жыл толды. Қызметі аса маңызды құрылым елдегі талай операцияларға қатысып, көп қауіптің бетін сейілткен. Бүгінде бірде бір әскери жаттығу оларсыз өтпейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Инженерлік әскердің шаруасы – бөгеттер қойып, көпір салу және жарылғыш заттарды анықтап, оны залалсыздандыру. Сондай-ақ майдан даласында сарбаздарға қауіпсіз жол ашуға жауапты. Сондықтан да шығар, бүгінде бұл жасақ Қарулы күштердің ажырамас бір бөлігі саналады. Қызметкерлердің айтуынша, қазір елдегі бірде бір операция инженерлік әскерсіз өтпейді.

– Өткен жылы жасақ республикалық «Батыл тойтарыс» сынды ауқымды бірнеше іс-шараға қатысты. Саперлер тапсырманың бәрін жоспарға сай орындап, біліктілігін дәлелдеді. Біздің мамандар елдегі өзге әскери құрылымдармен де бірлесе әрекет етеді. Арыс пен Жамбылдағы жарылыстың салдарын жою сынды қауіпті операцияларға да жұмылды, – деді 58012 әскери бөлімінің командирі Төлеген Назаров.

Шенділердің сөзінше, біздің инженерлік әскер бүгінде техникамен жеткілікті жабдықталған. Сарбаздардың жатын орны да керек-жарақпен қамтылған. Ал бүгін көшпелі казарма ашылды.

– Мерзімді қызметтегі сарбаздарға бүкіл жағдай жасалған. Тұрмыстық техникадан бастап, қажетті жабдықпен түгел қамтылған. Жаңа казарма шашып-жинауға ыңғайлы, мекенжай ауысқан жағдайда көшіріп алып кетуге болады. Қыста жылы. 100 адамға шақталған, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Инженерлік бекініс батальонының командирі Шалқар Шенеев.

Инженерлік әскер ұрыс жағдайында ғана емес, табиғи және техногенді апаттарда да қызмет етеді. Яғни, орман мен дала өртін сөндіру, үйінділерден адамдарды шығару, азаматтарды құтқару сынды төтенше жағдайлардағы түрлі шаруаға да жұмылады.

Айта кетсек, Қазақстанның инженерлік әскері 30 жылдан астам уақытта елден бөлек, шетелдегі операцияларға қатысуда тәжірибесі мол. Біздің мамандар 2003 және 2008 жылдары Ирактағы бітімгершілік миссияда да болған.

Оразай Нұртайұлы, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы