Елімізде босқын ретінде тіркелген неше адам бар

13.04.2023 23:48

Олардың 90 пайызы Ауғанстаннан қоныс аударған

baigenews.kz

20-дан астам босқын Қазақстанда тұрақты тұрушы мәртебесін алуға өтінім берген. Кезінде уақытша пана іздеп келгендер енді осында біржола қалғысы келеді. БҰҰ-дың дерегіне сүйенсек, өз еліндегі геосаяси жағдайға байланысты біздің мемлекетке қоныс аударған мыңнан аса адам бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліндегі ахуалға байланысты бейбіт тұрғындар қауіпсіз жерді өзге мемлекеттен іздейді. Пана сұрап, атажұртындағы жағдай реттелгенге дейін сонда тұра тұруға рұқсат алады. Бірақ кейбір жағдайда босқындар отанындағы жағдай тұрақталса да, қайтудың орнына, қалып қоюды жөн санайды. Сондықтан құзырлы органдар әр адамды жіті тексереді екен.

«Елінде қиын жағдайға түскен азаматтар Қазақстанды бейбіт ел, құқығымыз қорғалады деп сеніп келеді. Бірақ бірінші мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғауымыз керек. Құқық қорғау органдары тексереді. Ал арыз берген күннен бастап оларға босқын мәртебесін береміз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.

Қазақстанда босқын мәртебесін алуға кемінде 3 ай кетеді. Қажетті құжаттары болмаса, бұл процесс 1 жылға созылуы мүмкін. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде босқын ретінде тіркелген 296 адам бар. Олардың 90 пайызы Ауғанстаннан қоныс аударған.

«Өз елінде жағдай тұрақталып, оған қауіп төнбесе ол адам босқын мәртебесінен бас тартып, Отанына оралуы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда тұрып жатқан босқындар бұрыннан жүр. Елде 5 жылдан астам уақыт өмір сүріп, тіпті  олар тілді де меңгеріп, қоғамның бір бөлігіне айналған», – деді ҚР Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің ұлттық кеңсесінің басшысы Ирина Белялова.  

Құзыретті орган өкілдерінің айтуынша, пана іздеп келгендерді орналастыруға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Мигранттардың өздері де түрлі мәселемен келе бермейтін көрінеді. Алайда керек сәтте үкіметтік емес ұйымдар оларға тегін заңгерлік көмек көрсетуге дайын екен.

Оразай Нұртайұлы, Салтанат Нұрғалиева, «Алматы» телеарнасы