Елбасының алғашқы ұстазы Сейітхан Исаев дүниеден өтті

12.02.2019 23:48

Екі ғасырдың куәсі, ұлағатты ұстазбен қоштасу рәсімі ертең Қаскелең қаласында өтеді

Өнегелі ғұмыр. Ұлы Отан соғысының ардагері, құрметті ұстаз Сейітхан Исаев 102 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сейітхан Ахметұлы – президент Нұрсұлтан Әбішұлының алғашқы ұстаздарының бірі болған. Елбасының өзі де мұғалімін талай рет құрметпен еске алып, тілге тиек еткен-ді. Ал Сейітхан Ахметұлы оқушы Нұрсұлтанның туған елінің тарихына, ұлы батырларына деген қызығушылығы туралы сүйіспеншілікпен айтатын. Ұлағатты ұстаздан тәлім-тәрбие алған бұрынғы шәкірттері оны «тұлға болып қалыптасуымызға ықпал еткен жандардың бірегейі еді» деп еске алды.

«Біз оқып жүргенде 40-тың шамасындағы кісі еді. Сонда біз ол кісіге қарап, қай уақытта да «ұқыптылықтың эталоны» деп сүйсінетінбіз. Жүрген жүріс, тұрған тұрыс, сөйлеген сөзі, мәдениеттілігіне сұқтана қарайтынбыз. Бізге де ол кісі өзінің сол тәрбиесін беріп кеткен», – дейді С. Исаевтың шәкірті Рабис СИРАЗИТДИНОВА.

«Ол кісінің сабағы, ол кісінің бізге берген тәрбиесі өмірімізде үлкен көмек болды. Ол кісі сондай қатал болатын, қатал болғанда да, әділетті қатал болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы ақсақалды қатты құрметтейтін, өзі де ылғи кездесулерде біздің ортамызда бата беріп жүретін», – деп еске алды С. Исаевтың шәкірті Кеңес БАЙБОСЫНОВ.

Сейітхан Исаев – Алматы облысы Қарасай ауданының құрметті тұрғыны, «Парасат» орденінің иегері. Жары Нұрғайын Хамиева екеуі 5 бала мен немере-шөбере тәрбиелеген. Бүгін Сейітхан Ахметұлы қызмет еткен Қарасай ауданындағы Абай атындағы мектепке, педагогтың өнегелі ғұмырына арналған сабақтар өтуде. Екі ғасырдың куәсі, ұлағатты ұстазбен қоштасу рәсімі ертең Қаскелең қаласында өтеді.  

«Ағай бізге оқыған-тоқығанын үйретуден ешқашан жалықпаған. Ағай –керемет ұстаз, өнегелі ғалым болды деп айтар ем, өйткені ол кісі методикалық әдістемелерді де көп жазып, жастарға үлгі-өнеге берді. Жай ұстаз емес, жазушы-ұстаз еді. Елбасының да сарабдал саясаткер болуы – тікелей алғашқы кәусар бұлағынан нәр татқан Сейітхан ағайдың білімі болса керек», – деп пікір білдірді ардагер мұғалім Баян МҰХАМЕДИЯРОВА.

«Сейітхан Ахметұлы Исаев – ұстаздардың ұстазы. Бір ғасырлық өмір сүріп, сол бір ғасырдың 60 жылын мұғалімдік қызметке арнады. Бірнеше кітаптың авторы, әрқашан біздің мектеппен тығыз байланыста болды. Мектебімізде Исаев Сейітхан Ахметұлы атындағы тарих кабинеті бар. Енді ол кісі әрқашан біздің ойымызда, жүрегімізде қалады», – деді Қаскелең қаласы Абай атындағы орта мектеп гимназиясының директоры Тұрсын САЙБУРОВА.