Петропавлда жалға берілетін пәтер, қонақ үйде орын қалмаған

27.09.2022 23:48

Қалада 38 қонақ үй бар

Almaty.tv

Солтүстік Қазақстан облысында пәтер тапшылығы байқалып, жалға алатын баспана қалмаған. Тіпті,қонақ үйлерде бос орын жоқ. Жылжымайтын мүлік агенттігінің өкілдерінің айтуынша, сұраныс сырт мемлекеттен келгендерге байланысты артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Пәтерлердің 40 пайызын ресейліктер алды. Петропавлда үйді жалдау құны екі есеге өсіпті.

Қос-қос сөмке, ауыр жүк арқалаған көрші елдің азаматтары Петропавл вокзалының маңында өріп жүр. Солардың бірі – Томск қаласынан келген Кирилл Шалагин. Әлі пәтер жалдамапты. Солтүстік Қазақстанға бір-екі күнде достары да келеді екен. Баспананы солармен бірге іздейтін көрінеді.

«Ресейден достарымды күтіп отырмын. Бәрі жақсы болса, олар бір-екі күнде келу керек. Қосылып, үй жалдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Пәтер табу қиын болып тұр. Петропавлда ата-анамның жора-жолдастары тұрады. Баспана тапқанша соларға барып, аялдай тұрамыз», – деді Ресей азаматы Кирилл Шалагин.

Петропавлда қазір жалға берілетін пәтер жоқ. Жылжымайтын мүлік агенттіктерінің басым бөлігінде бос орын қалмаған. Сұраныстың артқанын олар көрші елден келген азаматтардың көптігімен байланыстырып отыр.

«Пәтерлердің 40 пайызын ресейліктер алды. Жылжымайтын мүлік агенттіктің барлығында осындай жағдай. Бізде 40 пайыз, басқаларында, тіпті, 50 пайызды құрайды. Сұраныс үлкен. Өздеріңіз білесіздер, Ресейден келіп жатқандар өте көп. Барлығына пәтер керек», – деді Жылжымайтын мүлік агенттігінің менеджері Дархан Нұрмағамбетов.

Қалада үйді жалдау құны екі есе өссе де, нарықта бос пәтер жоқ. Петропавлда 38 қонақ үй болса, соның барлығы лық толы. Жергілікті билік өкілдері меймандардың тең жартысы ресейліктер екенін растап отыр.

«Петропавлда мейманхана, демалыс орталығы сынды орындарды қосқанда, барлығы 1933 адамды сыйғызатын 38 нысан бар. Барлығы 100 пайыз толды. 20 пәтер бюросы бар. Ешқайсысында жалға берілетін пәтер қалмады. Жылжымайтын мүлік нарығында жалға алу бағасы 20 пайыз көтерілді. Ал азық-түлік пен асхана, кафелердегі баға өзгерген жоқ. Ол тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында», – деді СҚО әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Садықов.

Көрші елден келгендердің арасында вокзалды бірнеше күннен бері паналап жүрген жолаушылар да бар. Оларға Петропавл қаласының еріктілері көмек қолын созып жатыр. Белсенділер ресейлік азаматтарды тамақтандырып, жатын орын іздеуге көмектесіп жатыр.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» теларнасы, СҚО-дан