Сасық иіске тұншықтық: Панфилов ауылының тұрғындары жағымсыз иістен уланып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Кәсіпкерлер қара жерді құнарландырамыз деп құс саңғырығын шашқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Сасық иіске тұншықтық». Алматы облысы Панфилов ауылының тұрғындары жағымсыз иістен уланғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Панфилов ауылында 1 айдан бері бәзбіреулер күн батқанда үлкен жүк көлігімен үй жануарларының қалдығын төгіп, алқаптарды ластап жүр. Бұған дейін базыналы бұқараның уәжімен осындай бір мекеменің жұмысына тосқауыл қойылған. Алайда іс мұнымен бітпеген. Қолқаны қапқан жағымсыз иістен тұрғындарда жүрек айну, бас айналу секілді улану белгілері байқалып жатыр.

– Күнде тауықтың, малдың боғын төгеді, кешкісін дем алуға мұрша жоқ. Есікті аша алмаймыз. Сасық иіс үйге кірмесін деп тесіктің бәрін сулы матамен бітеп қоямыз. Уланып болдық, – деді Панфилов ауылының тұрғыны Сағидолла Бисаров.

– Балалар ауырып жатыр. Үлкендер де ауырдық.  Қолқаны алған иіс әлі сасып тұр, – деді Панфилов ауылының тұрғыны Нәбигүл Нұрбекбай.

Тынысы тарылған тұрғындар алқаптағы қалдықтарға экспертиза жүргізілуін талап етіп отыр. Жұрт бұл жерде тек құс емес, басқа да жануарлардың тезегі бар деп күмәнданып отыр.

– Құстың қалдығы дейді, бірақ шошқанікі екеніне сенімдімін. Өйткені бала емеспін, жасым 50-ге келді. Ненің не екенін білеміз? Халыққа зияны тиетін нәрселерді себуге болмайды, – деді Панфилов ауылының тұрғыны Бекжан Албеков.

Кәсіпкерлер қара жерді құнарландырамыз деп құс саңғырығын шашқан. Олар жүгері өндірумен айналысады.

– Жүгері, дәнді дақылдарды өсірумен айналысамыз. Жерді құнарландыру үшін тауықтың саңғырығын шашып жүрдік. Мұндай иіс шығатынын білген жоқпыз, оны басқа кәсіпкерлерден сатып алдық, – деді  кәсіпкер Руслан Наниев.

Жергілікті билік бұл мәселемен қарқынды күресіп жатқанын айтып, сендірді. Кәсіпкерге ескерту жасалып, тиісті басқармаға хаттама жіберілді.

– Арнайы басқармаға хат жолдадық. Олар келіп тексеріп, нәтижесін айтады, – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетқалиев.

Алқапқа төгілген қалдыққа тексеріс жүргізумен мәселе шешілетініне халық сеніп отыр.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеврнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда апаттық сорғы станциясы қалпына келтіріледі

Новости партнеров