Оқиға орнына 28 адам мен қажетті техника жұмылдырылған
Талдықорғандықтарды тозған құбыр әлекке салды. Бүгін таңғы сағат 6:00-де жылу құбыры жарылып, 67 көпқабатты үй мен 12 бюджеттік мекеме жылусыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Төтенше жағдай шаһардағы Желтоқсан мен Медеу көшелерінің қиылысында болған. Қала билігі түске дейін ақауды ретке келтіріп, үйлерге жылу беруді жоспарлағанымен шаруа ойдағыдай орындалмаған. Әзірге, Самал, Мүшелтой, Ғарышкер, Жастар шағынауданында және қаланың орталық бөлігінде жылу жоқ. Апатты қалыпқа келтіру үшін оқиға орнына 28 адам мен қажетті техника жұмылдырылған.
«Біз жылу маусымы аяқталған соң, қай жерден ақау шығады тексереміз. Келесі жылыту маусымына дайындық жасаймыз», – деді «Талдықорған жылусервис» КМК басшысының орынбасары Дидар Сапиров.