Қазақстанда банк қызметтері мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді емес – депутат

02.03.2022 23:49

Сондай-ақ депутаттар халықтың оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару кезінде жолға қатысты қиындық туындап отырғанын айтты

Almaty.tv

Қазақстанда банк қызметтері мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметов Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға несие беруден банктер бас тартады. Бөлімшелердің сыртында да, ішінде де қажетті инфрақұрылым жоқ. Көзі көрмейтін клиенттер, арбада отыратын жандар банкоматтарды бөгде адамның көмегінсіз пайдалана алмайды. Ал банк сайттары халықаралық қолжетімділік стандартына сәйкес келмеуіне байланысты мобильді қосымшаларын мүгедектігі бар адамдар пайдалана алмайды дейді.  

«Қаржыгерлердің мүгедектігі бар адамдарға көп жағдайда сенімсіздікпен, керек десеңіз, үреймен қарайтыны да рас. Ертең банкке қарызданса, ақшасын қайтармай, одан қалды, несиелік рахымшылық сұрауы мүмкін деген бір фобия қалыптасқан. Анығында қаржы қызметін шектегенше, қаржы сауатын ашуға көмектескені орынды болар еді деп есептейміз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов.

Ал депутат Фахриддин Қаратаев «Серпін-2050» әлеуметтік жобасын іске асыру мақсатында халықтың оңтүстік өңірінен, жұмыс күші тапшы солтүстік өңіріне қоныс аудару кезінде тікелей темір жолдың болмауына байланысты қатынау, көшу қиын болып отыр дейді.  

«Шешімін таппай отырған мәселе – солтүстіктегі Қостанай, Павлодар өңіріне қоныс аударып жатқан халықтың қатынауы өте қиын, әсіресе көшкен жастардың ата-аналарымен, қарттармен, балаларымен, жүктерімен жүру қиынға соғуда. Мысалы халық Түркістан облысынан Қостанай аумағына дейін қатынау үшін Алматы, Қарағанды немесе Нұр-Сұлтан қалалары арқылы пойыздардың уақыты бір-біріне сәйкес келмей, жарты күн, кейде бір күн күтуге тура келеді. Тіпті кейбірі жеңіл көлік немесе такси жалдап баруға мәжбүр, бұл өте өзекті және кезек күттірмес үлкен мәселеге айналып отыр», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев.