Ақтөбе облысында қырдан аққан қызыл су жолды шайып кетті

29.03.2023 02:26

Қираған жол мен көпірдің жағдайын анықтау үшін комиссия жұмыс істеп жатыр

Almaty.tv

Ақтөбе облысында қырдан аққан қызыл су 2 көпірді бұзып, 7 жолды шайып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алға ауданында 4 ауылмен қатынас үзілген. Елдімекен тұрғындары діттеген жеріне қайықпен жетіп жүр. Жергілікті билік жағдайды реттеу үшін айналма жолды қалыпқа келтіруге күш салып жатыр.

Қарғын су Самбай, Ақсазды, Қарақұдық ауылына баратын жолды шектеп тастаған. Жол қатынасы үзілген Қарағаш ауылының тұрғындары да дәл осындай күй кешіп отыр. Олар қажет жерге қайық болмаса жете алмайтынын айтты.

«Әзірге жағдайды қалыпқа келтіру үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз.  Тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұраймыз. Бұл аумақта жұмыс толық аяқталмаған. Оны жауапты компания кейін өздері реттейді», – деді Қарақұдық ауылдық округінің әкімі Лариса Букесова.

Алға ауданы Қарақұдық ауылына апарар автомобиль жолына су өткізгіш құбырын салу үшін былтыр қазынадан 30 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Өткен жылы су өткізгіш құбыр орнатылып, жерді нығайту жұмыстары атқарылды. Алайда жұмыс толық орындалмаған. Салдарынан тасқын су өткізгіш құбырлардың айналасын шайып кеткен. Ауыл тұтғындарының айтуынша, бұл – мердігердің жауапсыздығы.

«Cу өткізгіш құбыр орнатылған, қайтадан шайып кетіп тұр ғой. Демек, дұрыс салынбаған», – деді Қарақұдық ауылының тұрғыны Махмұт Төребаев.

Осы 4 ауылды облыс орталығымен байланыстыратын Қарақұдық және Мамбай көпірін де су басып кеткен. Айта кеткен жөн, бұл өткелдерге былтыр күрделі жөндеу жұмысы басталған. Жауаптылар  мердігер мекеме су деңгейі төмендеген соң, көпірді қайта қалыпқа келтіріп, құрылысты биыл толық аяқтап тапсыратынын айтты.

«Негізі құрылыс монтаж жұмысы былтыр басталған. Сол жерде көпір орналасқан, көпірді айналма жол жасаған болатын. Әрбір ауылға қазір қозғалыс бар. Ешқандай кедергісіз, кей жерде айналма жол арқылы өтуге болады», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Биыл көктемгі су тасқыны кезеңінде республикалық 5, облыстық және аудандық маңызы бар 7 жолдан су өтіп кетті. Қираған жол мен көпірлердің жағдайын анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысы