Алматы облысында кәсіпкер зиратқа апарар жалғыз жолды қоршап алған

Almaty.tv
Almaty.tv
Мәселеден Іргелі ауылдық округі әкімдігі де хабардар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өлі разы болмай, тірі байымас. Алматы облысында кәсіпкер зиратқа апарар жалғыз жолды қоршап алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Алматы облысына қарасты Көксай ауылындағы православ зираты. Бейітке ешкім бас-көз болмағандықтан, айналасы қоқысқа толы. Ал соңғы уақытта халықтың уайымы күшейе түскен. Өйткені зиратқа көршілес жатқан жердің иесі табылып, ол сол маңға алып зауыттың құрылысын бастап кетіпті. Сөйтіп бейітке кіретін жалғыз жолды қоршап алған. Енді халық мола ішіндегі қоқысты көлікке қалай тиейміз деп басы қатып отыр. Оған қоса, жаздың шіліңгір ыстығында құрғақ ағаштар жанса, өрт сөндіретін көлік кіре алмайтын көрінеді.

«Жалғыз жолымыз жабылып тынды. Осы уақытқа дейін қасымыздағы жер телімдерінің кімдікі екенін білмей келдік. Тек екі жыл бұрын ғана оның сатылғаны туралы сыбыс шыға бастады. Енді халық кәсіпкермен келісімге келе алмай отыр. Бейітте Отан соғысына қатысқан әкем жерленген. Ол екі рет жарақат алып, елге аман оралған еді. Осында анам мен бауырларымды жер қойнына тапсырғанмын», – деді қала тұрғыны Тимофей Усатов.

«Бұрын зиратты қорғайтын заңға аса мән берілетін еді. Мәселен, зиратқа жақын орналасқан ғимараттар арасында кемінде 300 метрдей арақашықтық сақталуы керек. Бірақ біздің жағдайда 50 метрдей ғана болатын шығар. Жалғыз жолды да тартып алды. Енді қоқыс шығара алмай отырмыз», – деді қала тұрғыны Юрий Тереньков.

Мәселеден Іргелі ауылдық округі әкімдігі де хабардар. Олар зиратқа көршілес аумақтың заңды иесі барын айтады. Оның қолында зауыттың құрылысын бастауға рұқсат етілген құжаттары да бар екен. Шу шыққан сәтте-ақ олар кәсіпкермен мәмілеге келген. Ол қажеттілік туындаса, көліктердің бұл жолмен өтуіне рұқсатын да берген көрінеді.

«Заводтың директорымен келістік. Тұрғындар жауапты адамды қойып, қоқысты жинап берсе, есікті ашып береді.  Оның құрылыс салуға бар құжаты заңды тіркелген», – деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Амантай Терлікбаев.

Айта кетейік, қараусыз қалған зират осыған дейін Алғабас ауылдық округіне қараған. Енді басқа елдімекеннің қарамағына өтуіне байланысты бейітке бөлінген 1 гектардан асатын жер телімінің құжаттары қазір заңдастырылып жатыр. Енді халық сенімді өкіл таңдап, қоқыс шығаруды тапсыруы қажет. Ал көлік керек болса, әкімдік көмектесуге дайын.

Жадыра Омаржан, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров