Қазір 2 партия тіркеудің алғашқы сатысынан өтті
Қазақстанда партия ашу шарты жеңілдейді дегеннен бастап, елде саяси ұйым құрғысы келетін бастамашы топтар көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазірдің өзінде 2 партия тіркеудің алғашқы сатысынан өтіп, съезд ұйымдастыру жұмыстарына кірісіпті. Жалпы 2019 жылдан бері 17 бастамашы топ партия ашуға ниет білдірген екен. Алайда олар құжаты дұрыс болмай немесе орта жолдан райынан қайтатын көрінеді.
«Жаңа Қазақстанда» әділ саяси бәсеке болу керек. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда партияларды тіркеу шартын жеңілдетуді тапсырған еді. Президенттің айтуынша, осы арқылы қарашаның қордаланған мәселелері мінберде көтеріліп, оларды шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.
«Партияларды тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкіл саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл өзгерістер әлі күшіне енген жоқ. Күзде Парламент бекіткеннен кейін ғана жаңа шартпен партиялар тіркеле бастайды. Алайда қазірдің өзінде саяси ұйым ашуға өтінім беріп жатқандар жетерлік. Мәселен, қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтеріп, экология мәдениетін дамытамыз деген «Жасыл байтақ» бастамашы тобының жетекшісі Азаматхан Әміртаев болашақ партиясын Әділет министрлігінде тіркегендерін айтады. Қазір бірінші кезеңнен өтіпті. Яғни бұл топ ел-халықпен кездесіп, съезд өткізу керек.
«Біз 1000 адам жинап, еліміздің әр жерін, әр аймақта мың адамға съезд өткізуіміз керек. Сонымен қатар, Қазақстан бойынша 20 мың адамды мүшелікке алғанымыз туралы куәлікті көрсетуіміз керек. Міне, осы іспен айналысып отырмыз. Ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті», – деді «Жасыл байтақ» бастамашы тобының жетекшісі Азаматхан Әміртаев.
Азаматхан Әміртаев өңірлерде съезд өткізуге дайындалып жатса, Әділет министрі Қанат Мусин аталған бастамашы топты құжат жинап, съезд өткізуге рұқсат алған топтардың тізімінде атамады. Ведомства басшысының айтуынша, қазіргі күні нақты екі топ қана съезд ұйымдастырып, қатарына мүше болатын адамдарды жинауға рұқсат алған. Олар - «Халық дербестігі» мен «Намыс» партиялары.
«Осы жылы бірнеше бастамашы топтар құжат тапсырған. «Ел тірегі», «Алға Қазақстан», сосын «Байтақ» партиясы. Олар өткізген құжата айтқан кемшіліктер болғаннан кейін, қайтарылды», – деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.
Партияларды тіркеу шарты алдағы күзде Парламент бекіткен соң өзгереді. Бастамашы топтардың сол кезде көбеюі әбден мүмкін. Айта кетейін, қазіргі кезде Қазақстанда 6 партия ресми түрде тіркелген.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан.