Қазнетке соңғы бір ай ішінде 20 миллионға жуық кибершабуыл жасалды. Бұл туралы «Мемлекеттік техникалық қызмет» хабарлап отыр. Пайымдарынша, мұндай әрекеттер елімізде қараша айында өтетін кезектен тыс Президент сайлауына байланысты жасалуы мүмкін. Хакерлер қитұрқы ойларын Қазнет инфрақұрылымының жұмысын бұзу үшін де іске асыруы ықтимал, - дейді сарапшылар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазнетке DDoS-шабуылдар қыркүйек айының соңында тіркелді. Салдарынан интернет жылдамдығы баяулап, байланыс операторларының қызметіне айтарлықтай кедергі келтірді. Отандық IT-мамандар мұндай жағдайдың алғаш рет болғанын айтады. «Мемлекеттік техникалық қызмет» 5 қыркүйектен 5 қазанға дейін 20 миллионға жуық кибершабуылға тойтарыс берілгенін айтады.
«Қауіп-қатер деңгейін төмендету үшін нақты уақыт режимінде барлық желілік трафиктерге талдау жүргізіліп, әрбір пакет тексерілуде. «Киберқалқан» зиянды трафик пен зиянды бағдарламалық жасақтаманы сүзу арқылы ішкі және сыртқы периметрлік шабуылдарға тойтарыс береді», – деді «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Әсел Әбіқаева.
Қазір «Киберқалқан» күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр, - деді маман. «Мемлекеттік техникалық қызмет» кибершабуылдар Қазақстандағы сайлау кезеңінің басталуымен байланысты болуы мүмкін деп болжап отыр. Алайда оны кімнің, қайдан жасап жатқаны туралы ақпарат жоқ. Кибершабуылдардан қорғану үшін IT-сарапшылар елдегі Қауіпсіздік қызметі жанынан киберқауіпсіздік агенттігін құруға шақырады.
«Жалпы киберқылмыстың артуының бірнеше себебі бар. Оның біріне тоқталатын болсақ, есіңізде болса, наурыз айының бас кезінде танымал сервистің екі миллион пайдаланушысының жеке деректері желіге тарап кеткен еді. Міне, қазір интернеттегі алаяқтар осы тарап кеткен жеке деректерді қолданып, қылмыс жасап отыр. Бұл тек бір ғана мысал», – деді киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Әлайдар Әмірсейіт.
Қазақстан қазір киберкауіпсіздік рейтингінде 31 орында. Сарапшылар бұл Қазақстан үшін жақсы көрсеткіш екенін айтады. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын еліміз 83 орынға тұрақтаса, бір жыл бұрын 40 орынды иемденген екен. Десе де ІТ-мамандар құжат пен жеке деректерді мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жібермеуге кеңес береді. Тек осылай ғана қазақстандықтар өзін кибершабуылдан қорғай алады.
Камшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы