Гүлшара Әбдіқалықова Алматы жастарымен кездесіп, оларға ақыл-кеңесін айтты

25.04.2019 23:51

Вице-премьер қала әкімі Бауыржан Байбекпен бірге орталыққа келген адамдардың арыз-шағымын тыңдады

Жастар бизнесін жандандыру үшін арнайы несиелерді көбейту қажет. Бүгін Алматыға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлімдеді.

Вице-премьер қаладағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Арасында жастармен кездесіп, олардың мақсат-мүдделерін тыңдады.

Студенттер елімізде білім алуға еш кедергі жоқтығын айтып, оқу барысындағы жаңалықтарымен бөлісті. Ал жаңадан бизнес бастаған жас кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді.

Гүлшара Әбдіқалықова іскерлерден ел экономикасына орасан пайда келетінін алға тартты. Әрі олардың кәсібіне кедергі келтірмей, керісінше қолдауға үндеді. Осы тұста Үкімет басшысының орынбасары жас кәсіпкерлерге берілетін гранттар мен несиелерді көбейтуді ұсынды.

«Қазақстанда өте пайдалы әрі табысты еңбек етуге, кәсіппен айналысуға мүмкіндіктер өте зор. Үкімет пен құзырлы органдар тарапынан еш кедергі жоқ. Аянбай еңбек ету керек», – дейді жас кәсіпкер Дархан ҚЫЗАЙБАЕВ.

Содан соң Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкімет мүшелері Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығына барды. Онда мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Жыл басынан бері қалада осы орталықтың көмегімен 3,5 мың адам жұмыс тапқан. Оның 300-ге жуығы тұрмысы төмен, көп балалы отбасылар.

Вице-премьер қала әкімі Бауыржан Байбекпен бірге орталыққа келген адамдардың арыз-шағымын тыңдады. Халыққа кеңес беріп, мәселелерін шешуге көмектесетінін де айтты. Шара соңында талай жылдан бері ескі арбаға таңылған мүгедек келіншекке жаңа арба сыйлады.