Оңтүстіктегі дихандар су тапшылығын тартып отыр. Әсіресе, Жетісай, Мақтарал ауданында жағдай ушығып тұр. Бұл туралы бүгін Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, қазір аймақтағы «Достық» каналы арқылы келетін су көлемі айтарлықтай азайған. Көрші елдермен жасаған келісімшарт негізінде ел шекарасына секундына 40 текше метр су жіберіледі екен. «Алайда бұл – өте аз» деді Сенат төрағасы. Соның салдарынан шаруалардың жұмысы шатқаяқтап тұрғанын жеткізді.
– Бұл бюрократиялық жолмен «осы күрішті азайту керек, басқасын салыңдар» деп бұйрықпен шешілетін нәрсе емес. Мұны ақылмен, ойланып, ғалымдармен ақылдасып, керек болса, жердің сапасын көтеруге көмектесіп, бір жағынан технологияларды әкеліп, шешу керек. Мүмкін, күріштің өзін де жаңа технологияның көмегімен өсіруге болатын шығар, – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.