Бір орын – 10 миллион теңге: саудагерлер базардағы жөндеу жұмысына наразы

30.05.2023 23:51

Базарды модеринизациялауға 2 жыл ғана уақыт берілген

Almaty.tv

«Бір орынға 10 миллион теңге төлеу керек, олай болмаса, далада қаламыз». Арнамызға осылай деп сұхбат берген саудагерлер бүгін базар әкімдігіне шағымын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Кенжехан базарында кенжелеп қалдық» деген көпшілік, контейнерлердің көне емес екенін айтады. Базар басшылығына да бұрынғыша жұмыс істеуге мүмкіндік берсе деп талап айтты. Алайда сауда орталығы жаңармақ ниетте тұтас орындарды сүріп тастап, қайта салмақ. Сатушыларға салмақ болып отырғаны да осы дүние.

– 5 миллион теңгеден ақша жинап жатыр, бізде төлейтін ақша жоқ. 20 тонналық контейнерге 5 миллион, 40 тонналық контейнерге 10 миллион теңге төлеу керек. Қайда барамыз? Шынымен далада қалайын деп тұрмыз, – дейді саудагер Ерғазы Абылаев.

– Орнымызды сақтап қалу үшін 325 мың теңге төлеуіміз керек, содан кейін реконструкцияға 5 миллион теңге беруіміз керек. Негізі контейнерді 12-10 мың доллардан сатып алғанбыз. Енді соның бәрі далада қалып тұр. Оған беретін ақшамыз да жоқ. Онымен қоймай, 6 айдың ішінде беруіміз керек екен, – дейді күйінген сатушы Серік Мәрденов.

Саудагерлердің айтуынша, ақысын төлеп, сауда орнын сатып алған күннің өзінде тиісті құжат қолына тимеуі мүмкін. Өйткені бұған дейін де салық төлеп, аузы күйген екен. Бірақ басқа барар жері, басар тауы болмаған жұмысын жалғастырып келген көрінеді.

Ал Кенжехан базарының кем-кетігін түзеп, талапқа сай түрлендіреміз деген базар басшылығы жаңарту жұмыстарының басталып кеткенін айтады. Тесік тұстарын жамап, келушілердің қауіпсіздігі үшін камера орнатқан. Олардың айтуынша, базардың ажарын келтіріп, қысы-жазы қолайлы жағдай жасау – билік қойған басты талап. Үкімет базарды модеринизациялауға 2 жыл ғана уақыт берген.

– Кім осы жерде жұмыс істегісі келеді? Жалға алушылар үшін – 10 миллион теңге. Қожайыны өзі салады, модернизацияға Үкімет ақша бермейді, – деді «Кенжехан» ЖШС атқарушы директоры Ардақ Тажиев.

Ал базар жұмысшыларының басым бөлігі қайта жөндеуге кеткен уақыт ішінде біршама тұтынушыны жоғалтатынын айтты.

– Реконструкцияны өздері жасауы керек қой. Олар керісінше, халықтың қалтасын қағады. Сауда жоқ, біз әрине, қарсы боламыз, – дейді саудагер Медет Еламанов

Уәжін айтқан көптің көңіліне қарамай, бәрібір жөндеу жұмыстарының жасалатынын айтылды. Ал құрылыс кезінде жұмыс тоқтап қалмас үшін уақытша автотұраққа көшіреміз деп сендірді.

Әлібек Шынтемір, Ернар Болатбек, «Алматы» теларнасы