Ендігі мақсаты – салмағы 300 тонна вагон сүйреп, әлемдік Гиннес рекордтар кітабына ену
Қазақтың титаны аталып кеткен Алмат Жұманов кезекті рекордын орнатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол салмағы 24 жарым тонна әскери ұшақты орнынан қозғап, 1 метрге дейін жылжытты. Алматылық спортшының бұл көрсеткіші Қазақстан рекордтар кітабына еніп, елімізде ұшақ сүйреген жалғыз адам атанды. Бүгінде ел арасында Қажымұқан атанып кеткен Алмат Жұманов ұшақты 6 метрге дейін жылжытамын деп жоспарлапты. Алайда осыған дейін алған жарақаты сыр беріп, күші 1 метрге дейін сүйреуге жетті. Ең бастысы Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері бұл нәтижені ресми түрде тіркеп, есепке алды.
«Мақсатым – қазақ халқында осындай мықты жігіттер бар екенін шетелдіктерге көрсетіп, еліміздің атын шығару. Олар бізді көріп, еліктесін. Интернетке кірсең шетелдіктерді көрсесің. Неге бізде жоқ, сол жағынан дамытқым, көрсеткім келеді», – деді рекордшы Алмат Жұманов.
Алматтың бұл көрсеткіші Қазақстан КИнЭС рекордтар кітабына енген 3-нәтижесі. Ол осыған дейін 108 тонна болатын вагон тартып, елді бір таңғалдырған еді. Артынша 4 тонна болатын 3 көлікті беліне тіркеп, 280 келілік түйені 13 метрге дейін сүйреді.
«Наурыз мейрамында осы ұшақты 6 метрге сүйреген екен. Соны қайталаймын деп бізді шақырып еді. Бірақ 6 метрге жетпеді. Қазақстанда алғашқы көрсеткіш боп тіркелді», – деді Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков.
Алматтың ендігі мақсаты – салмағы 300 тонна вагон сүйреп, әлемдік Гиннес рекордтар кітабына ену.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы