Атырау облысы Индер ауданында қарақұрт қаптап барады

02.07.2024 23:53

Бір аптадан бері шаруалардан маза қашты

Almaty.tv

Атырау облысына қарасты Индер ауданында қарақұрт қаптады. Бұған дейін төрт түлікке сүлікше жабысқан зиянкес енді адамдарды шаққан көрінеді. Салдарынан, өңірде екі бала ауруханаға түскен. Мамандар улы жәндік Индер ауданына кең тарап кетті деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бір аптадан бері шаруалардан маза қашты. Себебі, улы жәндік төрт түлікке шауып, тыным бермеген. Әсіресе, ойсылқара тұқымы оңбай зиян көріпті. Мәселен, аудандағы 97 түйенің 17-і өлген. Шыр-пыр болған шаруалар биліктен көмек сұрап, улау жұмыстарын жеделдетсе дейді. Өйткені, жайылымдардағы мал басы қарақұрттан қырылып барады.

«Жылдан жылға қарақұрт көбейіп келеді. Мысалы былтыр шілдеде шықса, биыл сәл ерте шығып отыр. Өте күрделі мәселе. Улау мәселесін жауаптылар қолға алса екен», – деді Индер ауданының тұрғыны  Ринат Жолдас.

Улы зиянкес төрт түлік түгілі, адамға да шауып, зиян келтіруде. Мәселен, күні кеше екі жасөспірім ауруханаға түскен. Дәрігерлер дереу арада алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалды.

«Екі баланы реанимация бөліміне қабылдадық. Келгенде жағдайлары ауыр болды. Шаққан орны ауырып, ұйып, қолдарын қозғалта алмай, аяқтарын баса алмай қалды. Жиі демалу, ентігу болды. Балаларды соған байланысты реанимация бөліміне алдық. Екеуінің жағдайы қазір жаман емес. Біреуін үйге шығардық», – деді балалар ауруханасының аллерголог-дәрігері Тәрбия Елшібекова.

Қазір Индер ауданында улау жұмыстары басталған. Жағдай тұрақты. Ал, төрт-түлігіне зиян келген шаруаларға көмек көрсетіледі дейді жауаптылар.

«Ауданда жағдай тұрақталды. Қарақұртпен алысу мәселесі бойынша ветеринария мамандары шаруа қожалықтардың, жеке заңды тұлғалардың дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір мал иелеріне айтарымыз, малдарыңызды қадағалауда, бақылауда ұстауларыңызды сұраймыз», – деді Индер аудандық ветеринария стансасы басшысының орынбасары Ержан Әбішев.

Күн ысыған сайын қарақұрттың уы күшейе береді дейді мамандар.Сондықтан жауаптылар шаруаларға мал басына бақылауды күшейтіп, қарақұрт шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керек екенін еске салды.

Оқи отырыңыз: Нұра өзеніне батып кеткен қыздың денесі табылды

Теги: қарақұрт