Алматының Әуезов ауданында екі жүзге жуық отбасы көгілдір отынға зәру. Кесірінен тұрғындардың көпшілігі тұрғын үйлерде газ баллонын қолдануға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал, төтеншеліктер болса, көпқабатты үйде бұл аса қауіпті екенін айтады. Тіпті, ережеге сәйкес, оны пәтер ішіне орналастыруға мүлдем тыйым салынған.
Үш баланың анасы Эльмира Молдабаева бұл жатақханада 17 жылдан бері тұрады. Көгілдір отын болмағандықтан, бірде газ баллон, енді бірде электро пеш жағып жан бағып отыр. Бәрінен бұрын үй қараусыз қалғанда балалары үшін алаңдайды. Себебі газ баллонын дұрыс қолданбаған жағдайда, кез-келген уақытта қауіп төндіретіні айтпаса да түсінікті.
«2-3 күнге жолдасым кетіп қалады кейде жұмысқа. Сол кезде газ қашан келеді деп күтіп отырмаймын ғой. Плитка қосып, тамағымды пісіремін. Менен кейін тағы да бір көрші де газы бітіп қалып, плитка қосады. Сосын автомат атылады, ортадағы. Сосын не болады. Жарықсыз отырамыз 2-3 күн», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Эльмира Молдабаева.
Мәселен, мына көпқабатты тұрғын үйде 138 пәтер бар. Мұнда көпбалалы аналар мен егде жастағы зейнеткерлер тұрады. Тұрғындардың айтуынша, бәрінен бұрын газ баллонды бесінші қабатқа дейін көтеріп апару зенеткерлерге өте қиын. Одан бөлек өмірге төніп тұрған қауіп тағы бар.
Аудандағы көгілдір отынға қосылмаған үйлердің көпшілігі осындай жатақханалар. Төтенше жағдайлар басқармасы да жыл сайын тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, бақылауда ұстап отырамыз дейді. Бүгінге дейін пәтерлерде газ баллоны ашық қалғаны туралы қоңыраулар түскені болмаса, аса бір қауіпті жағдай тіркелмеген.
«Қазір көпқабатты тұрғын үйлер мен жатақаханаларда рейд жұмыстары өтуде. Оның мақсаты – тұрғындарға мұндай пәтерде газ баллонын қолдануға болмайтыны туралы түсіндеріміз, жарылыстың алдын-алу үшін, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін. Неше түрлі фактор болуы мүмкін», – деді Әуезов ауданы ТЖБ бас маманы Асылан Болатқан.
Ал, аудан әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Айтуынша, алдымен тұрғындар қалалық «ҚазТрансГаз» аймаққа арыз қалдыруы тиіс. Сөйтіп, орталықтандырылған көгілдір отынға қосу үшін барлығы келісім беруі керек. Ал, бұл іске келгенде кейбірі қаражат жоқ деп, тағы біреуі газ тартуға қарсылық білдіргендіктен мәселе шешім таппай отырған көрінеді.
«Біз бүгін «ҚазТрансГаз» аймаққа хабарластық. Мамандар ертең сол тұрғын үйге барып, тұрғындармен кездесетін болды. Бірінші кезекте олар нысанның техникалық жағдайымен танысады. Өздеріңіз көргендей, бұл жатақхана. Бірінің ас үйі пәтер ішінде орналасса, енді бірінікі дәлізде тұр. Сондықтан осы жағдайлардың барлығы толығымен ескерілуі қажет», – деді Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Какетаев.
Мәселенің бүгінге дейін бір жақты шешілмеуіне бірден бір себеп жатақхана 2016 жылы жекешелендірілген. Алдағы уақытта толығымен қолға аламыз деген аудан әкімдігі барлық шаралар тек тұрғындар келісімімен жүргізілетін айтты.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұғайтпасов, «Алматы» арнасы