Қаскелең тұрғындары ауыз судан тарығып отыр

13.04.2022 23:53

Қала әкімі кемі бір апта не 14 күнде мәселе шешіледі деп сендірді

Almaty.tv

Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласының тұрғындары соңғы 3 жылда ауыз судан таршылық көріп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғандардың айтуынша, ішер судың өзін үнемдейді. Таңға жуық бар ыдысты суға толтыру үшін ұйқысынан оянатын тұрғындар дұрыстап жуынудан қалдық дейді. Сыздықтап аққан суда қысым жоқ. Сол себепті әр үйдің техникасы, құрал-жабдығы да бұзыла береді. Қала орталығында тұратын тұрғындар қара суға қолы жетпегеніне наразы.

«Түнде су сыздықтап ағады. Үлгеріп алып қалу керек, күндіз су мүлдем ақпайды», – деді қала тұрғыны Гүлмира Мұқашева.

Бір қызығы, ауыз су тек бір ғана көшеде жиырма шақты үйде ғана жоқ. Себебін мамандар білмейді. Бұған дейін көптің сауалына берер жауап та әртүрлі болған.

«Қыс бойы  мәселені айтып тиісті мекемеге бардым. Ондағылар басқа бөлімге жібереді. Сонымен ешқайсысы келмейді, қарамайды», – деді қала тұрғыны Мұрат Байдәулетов.

Жағдайды көзбен көру үшін келген Қаскелең қаласы әкімінің айтуынша, әр үйге суды жекеменшік компания қосқан және жұмысын өз деңгейінде атқармаған. Салдарынан уақыт өткен сайын су қысымы төмендейді.

«20 шақты үйде су қысымы төмен, суды қайта қосу керек. Сол кезде су қысымы да көтеріледі деп отырмыз», – деді  Қаскелең қаласының әкімі

Қала әкімі кемі бір апта не 14 күнде мәселе шешіледі деп сендірді.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы