|
06.04.2022 | 18:53
1030

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру ескерілген

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы өседі. Ол жайында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған себеп – инфляция дәлізінің 8-ден 10%-ға өзгеруі. Салдарынан зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшерін тағы 4%-ға өсіру жоспарлануда. Ал бұл өз кезегінде барлық әлеуметтік төлемдердің 9%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Мәжілістегі мәселелерді Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай баяндайды.

Елімізде инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы өседі деген Ералы Тоғжанов оған 111 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Жалпы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бюджеттен 4 триллион теңге бөлінген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 230 миллиард теңгеге артық, деді премьер-министрдің орынбасары. Ол сондай-ақ бюджет саласы мен квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан аса қызметкерінің және мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру ескерілгенін жеткізді.

«Екіншіден, экономиканың барлық саласында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орынының табысын арттыру. Оның ішінде бұрын сырттан әкелінген, өндірісте сұранысқа ие тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа кәсіпорындар құру. Фармацевтика, биотехнология, IT-технология және мұнай-химия саласында шикізаты жоғары - 5-ші және 6-шы деңгейде өңдеуге негізделген өңдеуші өнеркәсіпті дамыту арқылы іске асыралады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Премьер-министрдің орынбасары бұдан бөлек, қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан күш құрылымдары қызметкерлерінің отбасына пәтер берілетінін мәлімдеді. Бұл шаруа 26 сәуірге дейін шешілмек. Ал  депутат Еділ Жаңбыршин тиісті министрлікке күннен-күнге бағасы шарықтап бара жатқан азық-түліктің қымбаттауына не себеп деген сауал қойды. Министр Бақыт Сұлтановтың айтуынша, өнімдер мен тауарлар құнының күрт өсуіне тек геосаяси жағдай әсер еткен жоқ. Бағаның өсуіне әсер ететін ішкі фактордың да көп екенін айтты. Сондықтан бағаны негізсіз көтеретін сатушыларға арнайы айыппұл салынып жатыр деді.

«Соңғы үш аптаның ішінде 75-80 пайыздан кіші үйдің қасындағы дүкендер, соның барлығын аралап шыққан. Түсіндірме жұмыстары арқылы дүкендер өз еркімен тауар бағасын 15 пайызға дейін төмендетті. Осындай 259 факті тіркелген. Енді апта сайын осындай бақылау жұмыстары жүргізіледі», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ Мәжілісте аутизм мен психикалық ауытқулары бар балаларға арналған тағы 8 күндізгі орталық ашылатыны айтылды. Ал мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметімен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2023 жылдары республикалық бюджет есебінен 12 оңалту орталығын салу жоспарланып отыр.

Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир