Тәртіп сақшылары суға батып бара жатқан жігітті құтқарып қалды
Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында сүйіктісімен ренжіскен 23 жастағы жігіт көпірден секіріп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.
Оқиға кеше түнде болған. Қалалық полиция бөліміне Үлбі көпірінде ер адамның секіргелі тұрғаны туралы хабар түседі. Полицейлер дереу оқиға орнына жетіп, өзін-өзі өлтірмек болған жігітті көндіруге тырысып көрді. Алайда ол ешкімді тыңдамастан көпірден секіріп кетті.
Осы кезде тәртіп сақшыларының бірі киімін шешіп, суға сүңгіді. Батып бара жатқан жігітті жағаға шығарып, патрульдік көлікке алып келісімен медициналық көмек көрсетілді.
«Көндіруге тырыстық. Бірақ жігіт жауап бермеді. Бір сәтте суға секірді. Мен бірден оның соңынан жүгірдім. Әріптестерім мені сақтандырып жатыр. Оларға мен: «егер менің аяғым тартылып қалса, әлгі жігіттің артынан барыңдар» дедім. Бір қолыммен оны мықтап ұстап, жағаға жүзіп келдім», — дейді полиция қызметкері.
Өз-өзіне келген жігіт сүйіктісімен ренжісіп қалғаннан кейін осындай қадамға барғанын мәлім еткен.