Алматыда үздік ұстаздар талантты жастарға тегін дәріс беруде

22.06.2019 00:07

Шараға республиканың әр аймағынан 2000-ға жуық бала қатысуға өтініш білдірген

ok.ru

Алматыда елімізге еңбек сіңірген ұстаздар ЮНЕСКО клубтарының төртінші шығармашылық академиясының балаларына 10 күн аралығында дәріс беріп, шеберлік сағаттарын өткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған талантты жастарға білім тегін берілуде. Соның арқасында олар ән, би, бейнелеу өнері бойынша шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.

«Мен Сәтпаев қаласынан келдім. Бұл академияға бірінші рет қатысып отырмын. Маған бұл жер қатты ұнады. Осы бірнеше күнде мен өзіме көптеген тәжірибе алдым. Сосын жаңа шығармашылық түрін үйрендім. Әсіресе, өзіме мозайка өнері ұнады. Ұстаздардан үйренгеніміз бойынша қолымыздан келгенше бірігіп мозайка құрастырып жатырмыз», – дейді жас дарын Ақмарал КЕНЧИМОВА.

«Өзім үшін жаңа бір әлем есігін ашқандай болып жатырмын. Бойымдағы дағдымды дамыту барысында көптеген шеберлердің ақылына сүйеніп, осы шығармашылық академиясына түскеніме қатты қуанып тұрмын. ЮНЕСКО клубына алғысымды білдіремін», – деді клуб мүшесі Аружан ДҮЙСЕНОВА.

Аталған шара аясында дарынды балалар Алматы метросында арнайы концерт қойды. ҚР Тұңғыш президент қорының қолдауымен өткен шараға республиканың әр аймағынан 2000-ға жуық бала қатысуға өтініш білдірген. Ұйымдастырушылар әсіресе алыс аймақтағы ауылдарға ерекше көңіл бөлген. Жастар жылы аясында өткен шараға биыл «Ғылым және жоба қызметі» номинациясы қосылған.

«Қазылар алқасы 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің ішінен ең мықты деген 50 үміткерді іріктеп алды. Олар музыка, вокал, хореография және бейнелеу өнерінен 10 күндік инновациялық оқыту бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Көздегеніміз – талантты жастарға қолдау көрсету», – деді Қазақстан ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының бас хатшысы Сабина АҚЖАРОВА.