Нұр-Сұлтанда ХҚКО жұмыс уақыты кешкі 18.00-ге дейін ұзартылмақ

30.07.2020 03:38

Егер бұрындары күніне 600-700 құжат қабылданса, қазір 1500-ге дейін артып отыр

almaty.tv

Қаламқас Жаныспаева көлігін қайта тіркеу үшін елордаға Тараздан арнайы келген. Алайда осымен үшінші күн халыққа қызмет көрсету орталығының маңында сабылып жүргенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Біз дүйсенбіден бері үш күн болды осы ХҚКО алдында жүргенімізге. Мысалы, азанда келесің сағат 9-да, үшке дейін уақыт жетпейді. Анау жоқ, мынау жоқ дейді қайта-қайта. Сонымен қайтіп кезекке тұрамыз. Ол кезекте екі сағаттан кем отырмаймыз. Біздің алдымызда 200 адам тұр. Ешқандай қашықтық та жоқ. Бәріміз кіреміз, шығамыз. Санитарлық салап сақталып жатқан жоқ», – деді  Тараз қаласының тұрғыны Қаламқас Жаныспаева.

Халыққа қызмет көрсету орталығында адам саны, шынымен де, көп екен.  Ал карантиннің арақашықтықты сақтау жөніндегі басты талабы бұл жерде мүлдем сақталмайтынын байқадық.  

Карантин уақытында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс уақыты  қысқарды. Қазір ол таңғы сағат  09.00-ден 15.00-ге дейін ғана  жұмыс істейді. Көлігін қайта тіркеу үшін келген   адамдардың нөпірі мен  қарапайым қашықтық нормаларының сақталмауы салдарынан халыққа қызмет көрсету орталығының  40-қа жуық маманы коронавируспен ауырып қалған.

Орталық басшылығы карантин кезіндегі ұзын-сонар кезекке қызмет көрсету уақытының қысқаруы себеп екенін айтады. Егер бұрындары күніне 600-700 құжат қабылданса, қазір 1500-ге дейін артып отыр. Ал осындай адам саны бұрын кешкі сегізге дейін қабылданса, қазір күндізгі үшке дейін ғана қызмет көрсетуге тура келеді. Жүгінушілер өте көп болғандықтан, қызметкерлер санын арттыруға мәжбүр болған.

«Бұрын 10 күнге бір адам бронь жасайтын болса, қазіргі таңда бір тұтынушы бір күнге бронь жасайды. Ол қызметін алып болмағанша, басқа күнге бронь жасай алмайды. Ал осы уақытқа дейін бір қызметкер бір тұтынушы 10 күнге дейін бронь жасап, броньның уақыты болмады осы аралықта. Бізде, мысалы, машина алып сататындар бар, басқалары бар. Олар күнделікті бронь жасайды», – деді  Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Дәулет Дүйсенбеков.

Алайда броньдау арқылы да мәселе туындаған. Мысалы, кей пысықайлар онлайн кезекке тұру бойынша қызмет көрсетуді ойлап шығарды. Осы ретте келіп түскен шағымдардан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүгін орталық жұмысын тексерді. Түйткілді шешу үшін бұдан былай сатып алушының ғана емес, сатушының да мағлұматтары сұралады. Ал адам ағынын азайту үшін халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс уақыты кешкі 18.00-ге дейін ұзартылмақ.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан