Нұр-Сұлтанда мектеп формасының 25 үлгісі тексерілді

открытые источники
открытые источники
Балаңызға киім сатып алғанда міндетті түрде сапа сертификатын сұраған абзал дейді мамандар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Оқу жылының басталарына бірер күн ғана қалды. Ал, ата-аналар балаларын сабаққа дайындап, жанталасып жүр. Мектеп формасы, оқуға арналған құрал-жабдықтар, спорттық киім. Ал Нұр-Сұлтанда баланы мектепке даярлау үшін бас-аяғы қанша қаражат қажет? Оны базар немесе сауда үйінде сатып алған тиімді ме? Жалпы жас-жеткіншектерге арналған бұл форманың сапасын кімдер тексеріп жүр? Almaty.tv тілшісі бұл сұрақтарға жауап іздеп көрді.  

Елордалық Айнұр Кәрімова қызы Ақжібекті жылдағыдай мектепке дайындап жатыр. Айтуынша, қажеттінің бәрін сатып алып қойған. Ата-ана, әлбетте баласын көптен қалдырмаудың қамын ойлайды. Сондықтан баға емес, сапаға мән беремін дейді.  

«Ең басты, сапасына мән беремін. Және ол киім балаға ыңғайлы тұруы керек. Енді әрине, мен бағасына қарап қадалмаймын. Арзандау деп те іздемеймін. Балаға жарасымды болса, терісіне ыңғайлы болса, қымбаттау болса да ала беремін», – деді Айнұр КӘРІМОВА.

Ата-ананың мен баланың ойы бір. Қыруар шығынмен келген киімдер сапалы әрі ыңғайлы болса екен дейді.

«Кейде ұзақ жүріп қаламыз. Өзімізге шақ келетін киім табу қиын. Арқаларымызды қысады. Ыңғайсыздау», – дейді оқушы Ақжібек ӨМІРБАЙ.

Сатып алушылар мектеп формасының бағасы былтырғыдан өскенін айтады. Оның үстіне саудагерлер науқан қызған тұста бағаны шарықтататынын алға тартады.  Сондықтан басым бөлігі, қолжетімдісі базар деген пікір білдірді.  

– Мектеп формасын қайдан сатып аласыздар негізі? Базар ма, сауда үйі ме? Қайсысына таңдау жасайсыздар көбінесе?

– Қай жерде акция, сол жерден. Бағасына, сапасына қарай.

– Негізі қай жерде сапалырақ? Базарда ма, сауда үйінде ме?

– Әрине, сауда үйінде. Бірақ онда қымбаттырақ

– Балаңызды мектепке дайындауға шамамен қанша кетеді?

– Орташа есеппен 30-50 мың теңге аралығында.

Келесі ата-ана:

Базарда арзан.

– Сапасы ше?

– Сапасы соған сай

«Сапасына қараймыз. Өйткені бір жыл киеді ғой. Тіпті спорттық киім де аламыз. Оны екі жыл киеміз. Осының барлығына екі балаға 100 мың теңге кетеді», – деді келесі ата-ана.

«Шалбар, көйлек, жемпір, сөмке, сосын қаламсап, барлығына шамамен 50 мың теңге кетеді», – деді тағы бір ата-ана.

Біз сауда үйлері мен базарлардағы мектеп формасының бағаларын салыстырып көрдік. Мәселен, ұл балаларға арналған пиджак базарларда 4500-5000 басталып, 8000-ға дейін барады. Ал қолжетімді деген сауда орындарының өзінде пиджак 8 мыңнан басталып, 15 мыңға дейін жоғарылай береді. Базардағы жейде 3500 бен 5 мың теңгенің арасы болса, сауда орнында  жейде 6 мың теңгеден басталып, 9 мың теңгеге дейін. Шалбар базарда 7000-9000 арасы болса, сауда үйінде 8000 басталып, 10 мың теңгеге дейін барады. Ал, қыз балаларға арналған мектеп формасының бағасында ұлдан біраз өзгешелік бар.

Зерттеу барысында көз жеткізгеніміз, Нұр-Сұлтанда бір баланы мектепке дайындау 30 мың теңге тұрады. Мәселен, қыз балаға кететін шығынды есептеп көрейік. Пиджак 11 мың теңге тұрады. Жейде 7 мың теңге, шалбар 7 мың теңге және белдемше 5 мың теңге тұрады.  

Қайткенмен, бағалар сапасына қарай көсілетіні айдан анық. Ал бұл киімнің сапасы сынды қаншалықты көтереді? Жуырда елордалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары мектеп формасының 25 үлгісін алып тексерді. Оларды химиялық құрамы, ауа өткізгіштігіне байланысты зертханалық тексерістен өткізген.

«Бұл Ресей, Қырғыз, Қытай, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінен әкелінген мектеп формалары. Түркия, Өзбекстан және Қырғыз Республикасынан әкелінген киімдер техникалық регламент талаптарына сай келмейтіні анықталды. Таңбаланбаған болып шықты. Мәселен, өндіруші ел, жарамдылық мерзімі, қашан өндірілгені, құрамы ешқайда жазылмаған. Нәтижесінде екі кәсіпкерге 500 мың теңгеден айыппұл салынды. Бұдан бөлек, мектеп формасының алынған үлгілері улы затқа, ауа өткізгіштікке, құрамындағы формальдегидке тексерілді. Барлық талаптарға сай екені анықталды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.

Балаңызға киім сатып алғанда міндетті түрде сапа сертификатын сұраған абзал дейді мамандар. Таңбалануына да баса мән берген жөн. Себебі затбелгіде киімнің құрамы жайлы барлық мағлұмат жазылуы тиіс.

Новости партнеров