Алматыда кенелерді улау жұмыстары басталды. Дезинсекциялық өңдеу 1 ай бойы мегаполистің 8 ауданында орналасқан орманды алқаптар мен саябақтарда, гүлзарларда жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы – елімізде кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақта орналасқан қала саналады. Сондықтан мамандар биыл кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмысын ертерек бастап кетті. Жоспар бойынша барлығы 2 мың 400 гектардан асатын 8 орманды алқап, 144 саябақ пен гүл бақтары тазартылады. Бүгін Алатау ауданындағы Алғабас, Саялы, Теректі және Шаңырақ-2 шағынауданында жасалды.
«Кенелердің негізгі табиғи ошағы болып табылатын жерлер – орманды алқаптар, Медеу шатқалы, Бұтақты шатқалы, Алма-Арасан, Көктөбеде, Қарғалы шатқалдарында жүргізіледі. Бұл аймақтар – негізгі кене энцефалитінің тасымалдаушылары кенелердің ошағы болып табылады. Кене энцефалитінің алдын алудың негізгі жолы вакцинация болып табылады. Вакцинация екі екпеден тұрады. Екі екпенің арасы 1 айдан 7 айға дейінгі аралықта салынады», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы Бибігүл Нұрғалиева.
Кенелерге қарсы дезинсекциялау жұмысын қалалық дезинфекция орталығының мамандары жасайды. Қорғаныш киімдерін киіп, қажетті дәрі-дәрмек, арнайы көлік секілді құралдармен толық жабдықталған бригадалар улауды тек таңертең жүргізеді. Алдымен жергілікті халықты хабарландырады. Кейін өңдеу аяқталған соң ескерту белгілері орнатылып, саябаққа 3 күн кіруге тыйым салынады.
Кене энцефалитіне қарсы дезинсекциялау нәтижелі болуы үшін жұмыс екі кезеңге бөлініп жоспарланған. Бірінші кезең 28 сәуірде аяқталса, екінші кезең – мамыр, маусым айында жүзеге асырылады. Өңдеу жұмыстарына «Фаворит» препараты қолданылады. Оның тиімділігі өте жоғары және көп уақытты қажет етпейді. Сондай-ақ адамдар мен жануарлардың өміріне қауіпсіз.
Айта кетейік, былтыр қала бойынша 3084 адам жәндік кесірінен медициналық көмекке жүгініпті. Олардың тең жартысы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Сараптама арқылы кене энцефалитінің 7, кене боррелиозының 9 жағдайы расталған. Ал биыл жыл басынан бері 48 адамды кене шаққан. Сондықтан мамандар «сақтық шараларын естен шығармау қажет» дейді. Сондай-ақ дәрі себілген аймақтардан саңырауқұлақ пен жидектерді теруге, үй жануарларын серуендетуге болмайтынын ескертеді.
«Орманға және саябақтарға шыққан кезде, демалыс орындарында ең алдымен ақ түсті киімдер киген дұрыс. Себебі, сол арқылы кененің бар-жоғын анықтауға болады. Сонымен қатар бас киім кию керек, ұзындау аяқ киім киіп, шалбардың балағын шұлыққа жинақтап, салып қойған дұрыс. Біз сондай ұсыныс береміз», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Алатау аудандық басқармасының бас маманы Гүлнар Мақұлбекова.
Айта кетейік, Алатау ауданындағы бұл жұмыс бүгін біткенімен, мамандар 3 тәуліктен соң қайта келіп, кененің бар-жоғын тексереді. Ал ертең улау жұмысы Алмалы ауданында жалғасады. Осылай сәуірдің аяғына дейін қаланың 8 ауданы толық дезинсекциялық өңдеуден өтеді.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы