Алматы облысындағы Балтерек саяжайының тұрғындары кәріз суы жиналатын қойманың жабылуын талап етті

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Алмалыбақ пен Жалпақсай ауылдарының орталықтандырылған кәріз жүйесінен аққан қалдық су жиналады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы Балтерек саяжайының тұрғындары кәріз суы жиналатын арнайы қойманың жабылуын талап етеді. Еске салсақ, ғаламторда ассенизаторлардың арам суды арыққа ағызып жіберіп жатқан видеосы тараған еді. Кейіннен жауапты мамандар бұл әрекеттің заңды екенін және сасық суды арыққа емес, қалдық сақтайтын арнайы қоймаға төгіп жатқанын мәлімдеген болатын. Әйтсе де сол маңда тұратын халық жағымсыз иістен мезі болдық дейді. Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін баяндасын.

Бұл бейнежазбада бірнеше көліктің цистернадан лас суды арыққа ағызып жатқаны байқалады. Авторы көлік иелерінен су төгуге кім рұқсат бергенін сұрағанымен жауап ала алмаған сыңайлы.

Әлеуметтік желіге желдей тарап кеткен видеода дәл осы жер көрсетілген. Кәріз суын ассенизаторлар  қалдық суын төгетін көрінеді. Мұнда Ұмтыл ауылдық округіне қарасты екі ауылдың қалдық суы жиналады екен.

Белгілі болғандай, бұл жер сонау жетпісінші жылдан бері заңды түрде жұмыс істейді. Алмалыбақ пен Жалпақсай ауылдарының орталықтандырылған кәріз жүйесінен аққан қалдық су осында келіп жиналатын көрінеді. Оған қоса екі ауылда қызмет көрсететін жеке 15 шақты ассенизатор машинасы бар. Көрінген жерді ластамау үшін оларға бұл орынға арам суды төгуге рұқсат етіліпті.  

 «Ескі жүйелерді жөндеу үшін жұмыстар жасалып жатыр. Бүкіл инженерлік техникаларды және жобалау құжаттары жасалып жатыр. Бұл полигонның істеуіне барлық рұқсат қағаздары бар, экологиялық эмиссиялар төленеді», – деді жауапты компанияның бас инженері Әміржан Маханбетәлиев.

Әйтсе де осы маңға жақын тұратын Балтерек саяжайының тұрғындары мүңкіген иістен мезі болдық дейді.

«Біреу-міреу келсе де ұяласың. Иісі енді ерекше. Қанша тұрғын тұрып жатыр, бұл айдала емес. Көпшіліктің ортасына ондай төгуге болмайды ғой. Көзімізше төгіп кетіп жатқанын көріп жатырмыз, артқы жағынан машинаның нөмірін алып тастап. Біз алдында адамдарды шақыртқанда бізді кіргізбей қойды. Күнде мына даламен өтетін болсақ, КИЗ жаққа қанша машина келіп-кетіп жатады. Аузымызды жауып тастады, үндемеңіздер ол жабылады, жабылады деп. Бірақ ол жабылған жоқ неше жыл болды», – деді облыс тұрғыны Гүлназ Ахметова.

«Иә, жаман иісі күнде шығады бұл жаман иіс. Далаға да шыға алмаймыз. Мына балалар да ойнай алмайды. Қанша жылдан бері осы проблема, мүмкін емес демалу. Сол қай жаққа барып шағымданатынымызды білмейміз», – деді облыс тұрғыны Элеонора Дүйсенбиева .

Қолқаны қапқан қолаңса иіс, әсіресе, жазда өрши түседі дейді жұрт. Қайткенмен де экологтар мұндай полигондар елді мекеннен шалғайда орналасқаны дұрыс дейді.

«Себебі ол жерасты суына ғана еніп қоймай ауамен, желмен адамдардың денсаулығына тікелей әсер етеді. Сәйкесінше түрлі аурулардың пайда болуына тікелей әсер етеді. Күнделікті иіс, ауадан, желден келетін иіс арқылы адам уланады. Біртіндеп, бірден білінбейді, бірақ уаланады», – деді эколог Айнұр Сейілхан.

Ал әкімдік өкілдері кәріз қоймасын жабу немесе оны басқа аймаққа ауыстыру мүмкін бе деген сұрағымызға:

«Жоқ, ондай жоспар әзірге жоқ. Себебі ауыл шетінде орналасқан. Ауылдан бірнеше шақырып сырттай орналасқан жер. Саяжайдың тұрғындары наразылық білдіреді. Дегенмен де істеліп жатқан жұмыстар заңды», – деді Қарасай ауданы Ұмтыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Кәмшат Қасымбекова.

Сасық су сақтайтын қойма әзірге жабылмайды. Тек инженерлік құрылғылары жаңармақ. Бірақ оның қоршаған ортаға зардабы болмайды деп айту қиын. Соған қарамастан Балтерек елді мекенінде жерлер сатылып, үйлер салынып жатыр дейді халық.  

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы  

Новости партнеров