Қолданысқа берілгеніне көп болмаса да, түйіні тарқамаған проблемасы көп тұрғын үй. Думан-2 ықшамауданының тұрғындары Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысқан Akimat Live бағдарламасына хабарласқан еді. Қоңырау шалған азаматтың сөзінше, үйінде ыстық су жоқ. Соңғы екі айда бірде берілсе, бірде қан жылым ғана болып тұрады. Қала басшысы жауаптыларға мәселені тез арада шешуді тапсырды. Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек толығырақ тарқатсын.
Думан-2 ықшамауданының тұрғындары қанжылым су пайдалануға мәжбүр. Айтуынша, үй жаңа болғанымен, тіршілік нәрі дұрыс берілмейді. Салдарынан ауру өршіп тұрғанда ауырып қаламыз ба деп алаңдайды.
«Кешке жақын бір жатар алдында шомылып жатқан кезде, ыстық суды тоқтатып тастайды. Онсыз да мына ауру қағынып тұрған кезде ересек, кәрі адамдар бізге бір рет мұздасаң жеткілікті. Сонымен, ауырып қаламыз. Енді бүгін сендердің келулеріңнің құрметіне ме су кішкене күндегіден ыстықтау», – деді қала тұрғыны Ермек Бейсенбаев.
Тікелей эфирге хабарласқан тұрғын осы мекенжайда тұрады. Бүгін біз аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарымен бірге келіп, бірнеше пәтерді аралап, ондағы ыстық судың температурасын тексердік. Сәйкестік пе? Әлде басқасы ма белгісіз. Бірақ жылы су ағып тұр. Жауаптылардың сөзінше, мұнда ыстық су беру жүйесі басқаларға қарағанда өзгерек.
«Ыстық су бізде, мына шағын ауданда былай боп тұр. Сырттан келген суық су, жертөлені жылытады. Сосын пәтерге бара береді. Сол ыстық су, әсіресе, кешке ол анамен байланысты. Көп адам алса, азаяды», – деді жылуға жауапты компания қызметкері Қазбек Магазумов.
Жауаптылардың айтуынша, бұл түйіткіл жақын арада шешіледі. Қазір Алматы су компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Сырттан келетін судың құбырын үлкейту мәселесі шешілуде. Ал құжат мәселесі қаралып, іс жүзінде жүзеге асқанша, тұрғындар қанжылым суды пайдалана тұруына тура келеді.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы