|
20.10.2021 | 22:02
9588

Әр адам 700 мың тг берген: Түркияда алданып қалған қазақ әйелдері көмек сұрайды

Тауар алып сатуды үйренбек болған әйелдер қазақстандық инста-жұлдыздардың алдап кеткенін айтады

Әр адам 700 мың тг берген: Түркияда алданып қалған қазақ әйелдері көмек сұрайды Almaty.tv

700 мың теңгеге курс сатып алып, Стамбулға аттанған бір топ қазақ әйелі көмек сұрайды. Олар «Ұйымдастырушылар Түркиядан тауар алып-сату ережесін үйретпек түгілі, қол жұмсап, қоқан-лоққы көрсетеді» деп шағымданып отыр. Нәпақа табамыз деп шетел асқандардың ендігі жағдайы қандай болмақ? Бұл туралы заңгер мамандар не дейді? Almaty.tv тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрген еді.

Ақгүл Мұратқызы блогер Ұлдана Ерқасымның Стамбулда тиімді сауда жасау жолдарын үйрететін бір айлық курсын сатып алған. Құны – 700 мың теңге. Оның айтуынша, уәде еткен зауыттарды таныстырмаған, тиісті деңгейде ештеңе үйретпепті. Жататын орнымыз да адам шошырлық дейді. Курс бағамын дұрыс білмегендіктен, тұтынушыға қарыз болып қалдым деп мұңын шақты. «Наразылық танытқаным сол еді, соққының астында қалдым» деп етегі жасқа толып отыр.

«Оны ешкімнің басына бермесін. Шетелге келіп, ақша беріп, сені ұрып, телефоныңды тартып алады. Сосын маған «Ұлдананың мінезі жаман, сіз барып кешірім сұраңыз» дейді. Мен не істерімді білмей, екі балам үшін кешірім сұраймын. Кешірім сұрадым, оны өзіне басқаша аударып алған», – дейді зардап шегуші Ақгүл Мұратқызы.

Ал Ұлдана Ерқасым бізге сұхбат беруден бас тартты. Бірақ өзінің  Instagram-парақшасында «Бір ай бойы менің панамда болып, базармен толық танысып, Стамбулға үйреніп, сіңіп кеткенше байланыста болатындай қамқорлық танытылады. Бірақ клиентті алдап, барлық кінәні бізге жапқаны қай сасқаны?» деген жазба жариялаған. Одан бөлек, «Ешкімді ұрып-соқпадым, ол кісінің ақыл-есінде кінәрат бар деп естігенмін» деген. 

Дәл осындай шағым Динара Қосжан есімді азаматшаның үстінен де түскен. Бүгінде Ақтау қаласы Полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы алаяқтық бойынша тіркелді. Ал осы мәселемен айналысып жүрген заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек бір етек ақша беріп, дымсыз қалған қазақ әйелдерінің саны көп екенін айтты.

«Олар сол жақтан депортация жасасын, қайтадан сол елге барып, қазақ азаматтары налдамасын деген ниетпен біз ол жаққа да арық түсіріп жатырмыз. Себебі олар Динара Қосжанды, Ұлдана Ерқасымды депортацияласа, олар 5-6 жыл ол жаққа кіре алмайды. Басқа қыздарымызды, басқа әйелдерімізді алдамайды», – деді ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр блогерден зардап шеккен Ақгүл Мұратқызы Стамбулдағы Қазақстанның консулдығына әлі хабарласпағанын айтады. Ал еліміздің Ішкі істер министрлігіне жіберген сұраным хатымызға 7 күн ішінде жауап берілетінін хабарлады. Бұқаралық ақпарат құралы ретінде біз бұл жағдайды міндетті түрде бақылайтын боламыз. Басты мақсат – қомақты қаржы табамын деп, шетелде сан соғып қалған отандастарымыздың санын азайту.

Жанар Ғаниқызы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир