Астанада жаңа тұрғызылған тұрғын үй кешенінен тағы шу шықты. Түрғындар құрылыс компаниясы салған баспанаға көңілі толмайтынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл тұрғын үйдің адамдары пәтерлері қолданысқа берілгелі шағым айтып келеді. Сөздеріне сенсек, кешеннің коммуналдық мәселесі шешілмеген. Былтыр қыста жылусыз қалып, бірнеше рет жиналған болатын. Енді бірінші қабатта орналасқан дүкендер, кіреберістің шамдары мен жеделсатылар жарықсыз қалғалы тұр.
– Себебі G-Park договор жасамаған АРЭКпен. Не бізді балансқа өткізбей жатыр. Онымен қоса, бізге хат келді осы алдыңғы аптаға. Қазголд компаниясы. Алдыңғы жылы теплотрассаны жүргізген болатын Мадридқа. Енді сол теплотрассаның ақшасын G-Park төлемеді деп бізді жылудан 20-нан бастап өшіреміз деп жатыр, – деді МИБ төрайымы Ботагөз Смайылова.
Тұрғын үйді қолданысқа толық өткізбегеннің кесірінен ғимараттың жертөлесінде де мәселе өте көп. Жаңбыр жауған сайын ол жақ суға толып қалады. Оның үстіне, бұл кешенге құрылыс компаниясы жылу желілерін тартпай, басқа тұрғын үйдің желісін қолданыпты. Сонымен қатар, мердігер 800 автотұрақ болады деп уәде беріп алып, 150-ақ орын қалдырған екен. Тұрғындар жіпке тізген проблемалардың барлығын компания өкілі тыңдап, мардымды жауап бере алмады. Ол электр энергиясының тұрақсыздығына тұрғындардың өздері кінәлады.
– Мадрид кешенінің тұрғындарымен келісімшарт жасалмаған. Біздің инженерлер тұрғындар келісімшарт жасау үшін барлық жұмысты кезең-кезеңімен атқарып берді, – деді құрылыс компаниясының техникалық директоры Азамат Баймолдинов.
Электр энергиясымен қамтамасыз ететін компания мен тұрғындар арасында келісімшарт жасалу үшін, мердігер тұрғын үй кешенін МИБ-ке өткізіп беру керек. Ал құрылыс мекемесі оны әлі күнге дейін істемепті. Көпшілікпен кездесуге келген техникалық директор осыны түсінбеген секілді. Дегенмен Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов тұрғындар жылусыз, жарықсыз қалмайтынын кесіп айтты.
– Жарық та, жылу да өшпейді. Біз енді құжаттар бойынша мәселені шешетін боламыз. Ал тұрғындар уайымдамаса болады. Электр энегриясы тоқтаусыз беріледі. Ары қарай кезең-кезеңімен жұмыстарды бітіреміз, – деді Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов.
Жиналған жұрт құрылыс компаниясынан тұшымды жауап алмаса да, Нұра ауданы әкімінің уәдесін естіді. Дегенмен тұрғындар құжат бойынша мәселе шешілмейінше, кеудедегі күдік бәрібір сейілмейтінін айтты. Өйткені былтыр олар 30 градус аязда жылусыз отырғанын әлі ұмытпаған.
Өмір Серікбекұлы, Нурлан Утегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана