Жертөлені су басып қалды: Көкшетаудағы тұрғын үй сапасы сын көтермейді

17.07.2024 21:48

Тұрғындары әлеуметтік осал топтың қатарында ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған

Almaty.tv

«Көптен күткен қоныс үлкен мәселеге айналды». Көкшетауда бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары жаңа баспананың сапасына қатысты шағымданып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көкшетау қаласының тұрғындары әлеуметтік осал топтың қатарында ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған. Олардың арасында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері бар. Бірақ пәтер алғаннан кейін қуанышы ұзаққа созылмапты. Өйткені жаңа үйлердің жертөлесі суға толып, қабырғалары көгеріп, құбырларда шалшық жинала бастаған. Балалар алаңы мен жолдың жоқтығынан бөлек, тоқтаусыз жүргізіліп жатқан құрылыстың көптігі балаларға қауіп төндірген.

– Жол жоқ. Балалар ойнайтын жер салынбаған. Жақын жерде құрылыс жүріп жатыр. Балалар құрылыс алаңдарын аралап жүреді. Құдай сақтасын, біреудің баласы жазым болса, не болмақ? Өз міндетін неге орындамайды? Бірінші қабатта тұрамыз, жертөледе жиналатын судың кесірінен үнемі ылғалданып тұрады, – деді қала тұрғыны Қарлығаш Нұғыманова.

– Мен де 1-қабатта тұрамын, тарақан-өрмекші толып жүр. Газ да жоқ, оны қосу үшін құрылыс толық аяқталуы керек, – деді қала тұрғыны Айгүл Ахметова.

Жауаптылардың айтуынша, үш жыл бойы Көкшетау қалалық әкімдігінің балансында болған үй тек былтыр ғана пайдалануға берілген. Олқылықтар болғандықтан жоба кеш тапсырылыпты. Тұрғын үй инспекциясы басқармасы мен мердігер компания баспананы күтіп ұстауға қатысты келісімшарт жасаған. Олардың айтуынша, жертөледен жерасты суын үнемі сорып отыру қолға алынған. Ал мердігерлер құрылыс аяқталғаннан кейін төрт жыл ішінде үйдегі барлық кемшілікті жоюы керек болған.

– Осы ауланы абаттандыру мәселесі бойынша Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі мен мердігер компания арасында 2021 жылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған. Бұл жоба қазір 70 пайызға орындалды. Оған сәйкес, 8,5 мың шаршы метрге жуық жерге асфальт пен кеспетас төсеу және 9 мың шаршы метрге жуық аумақты абаттандыруды қарастырылған. Бүгінде ақша толығымен бөлінген. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталады, – деді қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі Берік Сайдалин.

Қала әкімдігі бүгінде жолдың жоқтығына байланысты екі жоба барын алға тартты. Жобалық-сметалық құжаттама келісілген, бірақ іске асыру мерзімі екі жылға жалғаспақ.

Жансая Олжабек, Оксана Матасова, Рамиль Дусумов, «Алматы» телеарнасы, Ақмола облысы

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік желі арқылы заңсыз ақша тапқан тұрғын ұсталды