Алматының «Премьера» шағынауданы тұрғындары үй шығынын төлемегені үшін қарызға белшеден батқан. Тұрғындардың осынша дауға қалуына кезінде өздері бас тартқан тұтынушылар кооперативі кінәлі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мекеме ай сайын тұрғындарға қомақты қарыз жазылған түбіртек жібереді, алайда қараша халықтың мұндай қаражатты төлеуге құлқы жоқ. Өйткені пәтер иелері үйлерін күтіп ұстау үшін тапқан-таянғандарын өз бастамаларымен құрылған «басқа кооперативке айма-ай беріп отырмыз» дейді олар.
Тұрғындардың сөзіне құлақ түрсек, қос кооператив ақшаны алуды біледі, бірақ қабырғасы қақыраған үйге мүлдем жөндеу жүргізбейді екен. Осыдан соң халық ақылдасып, өз араларынан «Адал Сити» атты тұтынушылар кооперативін құрады. Және үй күтімі үшін ай сайынғы төлемді сол ұйымға төлейді екен. Бірақ, жеме-жемге келгенде тұрғындарға түбіртек қағазын қос кооператив те жіберіп отыр.
«Екі ПК екі жақтан түбіртек жібереді. Екеуінің де тарифтері бірдей. Видеодомофон, видеокамера, барлығы сол түбіртекте тұр. Сонда біз оның қайсысына төлеуіміз керек?», – дейді басы әбден қатқан тұрғындардың бірі Панабек ЕРАЛИЕВ.
«Былтыр шілде айында әр үйге кіріп тұрғындардан қол жинадық. 24 үйдің иесі бірауыздан өз еріктерімен «Құрмет достардың» қызметінен бас тартты. Бірақ, қараша айында осы үйді салған «Жетісу жаңа Құрылыс» мердігер компаниясы тұрғындардың шешімін ескермей, барлық үйді қайтадан сол «Құрмет достардың» қарауына өткізеді. Сол себепті бүгінде қазір үйді ұстау үшін түбіртек қағазы «Адал Ситиден» де, «Құрмет достардан» да келіп отыр», – деп түсіндірді мән-жайды «Адал Сити» ТК төрайымы Бақыт ТОЙҒАМБАЕВА.
Тұрғындар тұтынушылар кооперативін өз еріктерімен таңдауға заңдық құқы барын айтып, талай есікті қағыпты. Тіпті сотқа да шағымданған. Бірақ бұл істе жеңіліп тынған. Дегенмен үйді күтіп ұстау шығыны үшін әрқайсының «Құрмет достар» мекемесіне қарызы күн сайын өсіп барады. Ең сорақысы, «аталмыш мекеме түсініксіз қарыз үшін, сотпен қорқытып отыр» дейді тұрғындар.
«Әрқайсымыздың «Құрмет ситиге» қарызымыз қазір 120 мыңнан асып кетті. Олар бізді сотқа береміз деп отыр. Ал біз олардан жазбаша бас тартып, бәріміз қол қойып «Адал ситиға» кетіп қалғанымыз қашан. Ал, енді неге осы уақытқа дейін олар бізге шот береді, сол жағын түсіне алмай отырмыз, Негізі ПИК-ті таңдауға құқығымыз бар ғой?» – дейді тұрғын Бақытгүл ЕРМЕКОВА.
«Көпшілігіміз «Адал Ситиді» өз еркімізбен таңдадық. Неге? Өйткені олар расымен жұмыс істейді. Ауламызды күтіп-баптап, үйдің бүлінген барлық жерін жаңалап жатыр. Шатырларымызды бүтіндеп берді. Ал «Құрмет достар» түк бітірмейді. Олардың қарамағындағы үйлердің қабырғасы жарылып, құлауға шақ қалған. Мұндай салақ мекемеге біз не үшін ақша төлеу керекпіз?», – дейді келесі бір тұрғын Жанар АЙТУАРОВА.
Ал, «Құрмет достар» тұтынушылар кооперативі қызметкерлері өз істерінің заңды екендіктерін айтуда. Олар тұрғындар арасындағы жанжалға қатысты сот ісі өз пайдаларына шешілгендігін де алға тартты.
«Егер олар шынымен пәтер иелерінің өздері қойған қолын көрсетіп, сауалнамасын ұсынса ешқандай сот та болмас еді. Біз 1-2 айдың ішінде әр үйдің иесімен нақтылап сөйлесіп, шынымен біздің қызметімізден бас тартып отырғанын білер едік. Егер расталса, үйлерді қараша айында-ақ «Адал Сити» кооперативіне өткізетін едік. Мұнда қолды көбінесе үй иелері емес, пәтер жалдаушылар қойған. Сотта біз мұны дәлелдеп жеңіске жеттік. Үкім кеше ғана жария етілді», – дейді «Құрмет достар» ТК төрағасы Қазбек ӘШІРОВ.
Екі түбіртек арасындағы түсініспеушіліктің салдарынынан қазір «Премьера» тұрғын үйлерінің қарызы 30 миллионға бір-ақ жетіпті. Өйткені тұрғындардың жартысы ақшаларын «Адал Ситиге» аударса, қалғаны «Құрмет достардың» қызметіне төлейді екен. Ал соттан да, басқадан да күдері үзілген қараша бұл мәселенің түйткілін шешіп берер жан табылса деп отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы