|
12.10.2021 | 20:10
4532

Квота берілмейді: СҚО-да Ираннан келген қандастар жұмыс таппай, қиналып жүр

Сапасыз үйге қоныстанып, ішіп-жерге тамақ таппай жүрген халық мемлекеттен берілетін квотадан да қағылып отыр

Квота берілмейді: СҚО-да Ираннан келген қандастар жұмыс таппай, қиналып жүр Almaty.tv

Ираннан Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевка қаласына көшіп келген қандастардың жағдайы қиын. Олардың келгеніне 40 күн болса да, әлі күнге жұмыс таппай, мемлекеттен берілуі керек квотаны ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Шаткам Абдужәлелдің Ираннан Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласына келгеніне 1 айдан асты. Әлі күнге жұмысқа орналаса алмай, отбасын қалай асырарын білмей жүр. Жұмыс тауып береміз деген әкімдік сөзіне сеніп қалған ол сенделіп жүре бермейін деп қара жұмыс тауып алған. Ол жұмысы да тоқтап қалғандықтан, енді өзімен көшіп келгендермен бірге қайда барып көмек сұрарын білмей жүр.

«Жұмыс қазір жоқ, алдында қара жұмысқа шығып кеткен едік. Ол жұмыс та бітті, мына жерде жігіттерді 2-3 күндік қара жұмысқа алып кетеді. Ондай жұмысты бұрын істеп көрмегендіктен, көбі қайтып келіп жатады», – дейді қандас Хамит Шаткам.

Қандастар орналасқан үйлердің біріне барып, үйдің суық, сырт киімсіз жүру мүмкін емес екенін көзімізбен көрдік. Қандастар от жаққанымен, үй тез суып кетеді екен. Жаңа үйдің есік жақтауларының өзі түсіп қалуға шақ қалған.

«Мына құбырды жасаған, міне, терезе ашылмайды. Терезенің тұрысы міне, түскелі тұр», – дейді Хамит Шаткам.

Тұрғын үй бөлімінің басшысы қандастардың болмашы оқылықтарға бола шағымданып жатқанын айтады. Оның сөзінше, әкімдік үйді қабылдап аларда сапасы жақсы болған.

«Кей жері бұзылып қалуы мүмкін. Бұл үй болғандықтан, қандай да бір қиындықтан туындап тұрады. Мүмкін аяғы тиіп, босап кеткен шығар, иығы тиіп жарамай қалған шығар. Олқылықтарды дұрыстаймыз, бұл үлкен проблема емес», – деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Саят Омаров.

Сапасыз үйге қоныстанып, ішіп-жерге тамақ таппай жүрген халық мемлекеттен берілетін квотадан да қағылып отыр. Қандастармен кездесуге келіп әкімдіктегілер оларға квота да берілмейтінін айтты. Олардың сөзінше, көшіп келгендердің құжаттары бағдарлама талаптарына сай келмейді.

«Квота берілуі үшін бірнеше талап бар. Ең бастысы, «Еңбек» бағдарламасы бойынша адамның алған білімі болуы керек. Бұл кісілердің көбінің, яғни 90 пайызының білімі жоқ, 3-ақ адамда орта арнаулы білім бар. Екінші талап – шоттарында өтелмеген несие болмауы керек», – деді Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбинов.

Қатарынан тізілген үйлер өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша салынып біткен соң, оларды әкімдік қабылдап алған болатын. Әкімдік бір жыл бос тұрған баспананың олқылықтары 1 қарашаға дейін дұрысталады деп сөз берді. Ираннан келген қандастар егер квота берілмейтін болса, басқа облыстан пана іздеп кетуге оқталып отыр.

Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир