АЭС құрылысына қанша шетелдік маман қатысуы мүмкін

27.08.2024 23:57

Үкімет тізген тізімде Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея мен Франция бар

Almaty.tv

Үкімет АЭС салу бойынша референдум жобасын мақұлдады. Маңызды құжат Президенттің қол қоюына жіберілді. Жуырда жалпыхалықтық референдумның өтетін күні де белгілі болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде АЭС-тың құрылысын жүргізуге төрт алпауыт мемлекет құлықты. Үкімет тізген тізімде Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея мен Франция бар. Іріктеліп алынған жобалар әлі қарастырылып жатыр. Мамандар нақты шешім референдум қорытындысынан соң белгілі болатынын жеткізді. АЭС салынатын болса, оның құрылысына 8000 адам тартылады.

– Құрылыс кезінде 8 мың адамдай қажет. Біздің пайымдауымызша, оның 7 мыңы қазақстандық азамат болады. Енді 1 мыңын шетелден әкелуі мүмкін. Іске қосылғаннан кейін 2 мың адам қажет. Оның ішінде 400 маманның жоғары білімі болуы керек. 1400 техникалық білімі бар маман керек, – деді Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.

АЭС жұмысын жүргізетін мамандар өзімізде оқытылып, даярланады. Елдегі жалғыз ғылыми-зерттеу мекемесі кадр дайындау мәселесін мықтап қолға алмақ. Институт басшысының айтуынша, бұл елімізге қауіпсіздік жағынан да ұтымды. Ал жылдарға созылатын станса құрылысы Үкімет бақылауында болады. Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан қазірдің өзінде энергетикалық қуат тапшылығын тартып отырғанын еске салды.

– Бізде ядролық отын өндірісі толық игерілген. Шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу - дұрыс қадам. Еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артып отырған бүгінгідей жағдайда бұл мәселенің маңызы айрықша, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов

Сарапшылар атом электр стансасының қауіпсіз өндіріс ошағы екенін айтып отыр. Сенімді энергия көзі саналатын нысанды қазір әлемнің 15 мемлекеті пайдаланып келеді. Елімізде жоспарланған АЭС-тің қашан іске қосылатыны әлі белгісіз. Белгілісі, Үкімет референдум жобасын мақұлдады. Маңызды құжат Президенттің қол қоюына жіберілді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: АЭС құрылысы бизнестің дамуына зор серпін береді – Райымбек Баталов