Мегаполисте ай сайын орташа есеппен 21 көлік ұрланады
Алматыда көлік ұрлығы азаймай тұр. Осылай деген жүргізушілер жоғалған көлікті табуға құзырлы орган өкілдері қауқарсыз дейді. Бөтеннің мүлкін қолды ететіндерге қашан тоқтау болады? Жалпы қаламызда қанша темір тұлпар ұрланды? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Былтыр күз айында Айдостың көлігін ұрылар ауладан қолды қылған. Кешке қойған темір тұлпарын таңертең таппай қалыпты. Дереу 102-ге қоңырау шалғанымен, полицейлер бір сағаттан астам уақытта әрең келген.
«Бәрін қай жерден алып кеткенін көрсеттім. «Жоғалды енді, іздеп неғыласың» дегендей. «Тек сенікі емес, бүгін 11 көлік жоғалды деп жауап берді», - деді Айдос ӨТЕГЕНОВ.
Жоғалғаннан күннен бастап Айдос көлігін өзі іздеуге көшіпті. Құзырлы органдардың дәрменсіздігіне налыған ол барлық бейнебақылау камераларын қарап, көлігін іздестіре бастаған.
Өткен жылдың қыркүйек айында фольсфаген автокөлігін дәл осы жерден қолды еткен. Өздігінен іздеуге көшкен көлік иесінің айтуынша әккі ұрылар көліктің есігін білдіртпей ашып, оңашаға қарай итеріп алып кеткен. Одан кейін ұрланған көлік қала көшелерінде екі күнге дейін емін-еркін жүргенге ұқсайды.
Кадрлерден үшеудің көлікті итеріп бара жатқанын анық көруге болады. Қыркүйектің 22-сі ұрланған көлігі араға бірер күн салып қаланың бірнеше жерінде бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
«Қалалық МАИ-ға барып шығарып алдым. Сөйтсем, ертесі 23-і күні машина жүрген. Үш жерге камераға түскен. Камаз орталығы, Пятилетка жаққа кіріп кеткен. Сол жерге барып магазиннің камераларын қарадық. Соңғы камерадан өткен. Ары қарай таппай қалдық», - деді Айдос ӨТЕГЕНОВ.
Бұл мәселеге қатысты Алматы қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатыр екен. Іс жабылмаған. Ал, автомобиль саласы мамандарының айтуынша ұрланған көліктердің бағалысы шет ел асса, арзандауы ішкі нарықта бөлшектеніп сатылып кетеді дейді.
«Қазақстанда орта есеппен айына 60-қа жуық көлік ұрланады. Яғни, бір күнде екі көліктен. Өкінішке орай, ұрланған темір тұлпарлар алыс жақын шетелдерге немесе ел ішінде жоқ болып кетеді. Қымбат көліктер негізінен жақын мысалы, Қырғызстаннан, Ресейден, Әзербайжаннан жаңа иесін тауып жатады. Ал, арзан көліктерге келетін болсақ оларды көбінесе таса жердегі гараждарға тығып, бөлшектеп тастайды. Одан әрі бөлшек сататын сауда орнының сөрелерінен бірақ шығады», - деді Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард ЭДОКОВ.
Қала тұрғындары ұрылар көлігімізді ұрлағанымен қоймай, бөлшектеріне де қырғидай тиіп отыр дейді. Дүниесін қорғаштаған олар түнде ұйықтаудан қалған. Себебі, бөтеннің затын қолды етушілер ел ұйқыға кеткенде әркеттерін жүзеге асыруға тырысады екен.
«Баламның су жаңа көлігінің қос дөңгелегін шығарып алып кетті. Қалған екі балонын шығарып қойыпты. Оны бірақ алып үлгере алмаған. Арада үш-төрт ай өткенде есік алдынан аккумуляторын шығарып алып кетті. Осындай ұсақ-түйек ұрылар көбейіп бара жатыр. Оның қайсыбірін құзырлы органдарға айтсақ та таппайды. Балам кеш жұмыстан келеді. Кешке терезеден қараймыз. Машина күзетеміз. Күнде тұраққа қойғанға қалта көтермейді», - дейді Айымбүбі АҚЫНОВА.
Елімізде көлік ұрлығының саны бойынша Алматы бірінші орында тұр. Мұнда ай сайын орташа есеппен 21 көлік ұрланады. Мәселен, 2018 жылы 259, ал былтыр 278 көлік ұрлау фактісі тіркелген. Бұл елдегі жалпы ұрлық санының 3/1 тең. Екінші орында Қарағанды, үшінші орында Шымкент қаласы мен Түркістан облысы. Төртінші орында Қостанай облысы. Ал бестіктің соңында Алматы облысы орналасқан. Ең қауіпсіз өңірлер рейтингісінде Атырау мен Солтүстік Қазақстан облысы тұр.
Қуан Нұрақын, Қобылан «Алматы» телеарнасы