Елімізде зілзала салдарымен күресті шыңдайтын ауқымды оқу-жаттығулар өтіп жатыр. Оған республикамыздың ғана емес, шетелден келген авариялық-құтқару қызметінің мамандары да қатысты. Алматыдағы оқу-жаттығудың екінші күнінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың өзі келді. Ол дайындықты тексеріп, жедел штабтың мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қою түтін. Қиранды астында қалған адамдар. Құтқарушылар үшін әр секунд маңызды. Бүгін Алматыда жедел штабтың біліктілігі сыналды. Олар жойқын жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылды пысықтады. Санаулы уақытта жоспарға сай әрекет етіп, іздеу-құтқару операциясын көрсетті.
Оқу-жаттығуға өрт сөндірушілер мен республикалық жедел құтқару жасағы ғана емес, полиция мен сарбаздар да қатысты. Оқиға орнында медициналық көмек көрсететін мамандар да бар. Барлығы апат кезінде бір кісідей, әрі жылдам әрекет етуі тиіс.
– Алдымен иттермен кіреміз. Адам табылса, қызыл жалау көтеріп, құтқарушыларды көмекке шақырамыз. Құтқарушылар жұмысын істейді. Әскерилер шығарылған адамдарды ары-бері тасуға, құлаған-қираған ғимаратты ашуға көмектеседі, – деді ҚР ТЖМ Республикалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Әділет Құдайбергенов.
«Жер – 2023» республикалық оқу-жаттығудың екінші күнінде дайындықты тексеруге Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов келді. Зілзала кезінде өндіріс орындары зардап шегуі мүмкін. Сондықтан апат салдарымен күресті шыңдау әрекеті сол жерде де жүзеге асырылды.
– Оқу жаттығудың мақсаты – жер сілкінісі кезінде халыққа жасайтын іс-қимылды үйрету. Қазақстанның 40 пайыз аумағы жер сілкінуі мүмкін аймаққа жатады. Сондықтан ең біріншіден, халықты дайындауымыз керек, – деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.
Дәл қазір мұндай оқу-жаттығулар Алматы мен Шымкент қаласында және Абай, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында өтуде. Бұл - еліміздегі сейсмикалық қауіпті өңірлер. Бүгін құзыретті министрлік дайындық бойынша талдау жасап, одан әрі жетілдірудің басым бағытын айқындады.
Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы